RU
Толық нұсқаға өту

QazaqGaz газ тарату желілерін жаңғыртуға басымдық берді

11.06.2026, 17:09 42

Келер жылы Астана қаласында көгілдір отынға қол жеткізген тұрғын саны 300 мыңға жетеді.

 Бүгінде газ бас қаланың негізгі энергетикалық инфрақұрылым нысандарына да жетті. «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» 2026-2027 жылдарға арналған бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып жатыр. Қазір жоспардың үштен бірі орындалған. Бұдан өзге компания алдағы жылыту маусымына дайындық аясында газ тарату жүйелерін жаңғыртып, апатты жағдайлардың алдын алу үшін кешенді шараларды атқарып жатыр.

Қытымыр қыста жұрт жылусыз қалмас үшін, құбырлар жарылып, апат болмас үшін «QazaqGaz» ұлттық компаниясы қысқа тыңғылықты қамданып жатыр. Дайындық жұмыстарына 5 мыңнан астам маман жұмылдырылған. Алдағы жылыту маусымына дейін 77 мың шақырым газ желісі және газ шаруашылығына тиесілі 287 мыңнан астам нысан кезең-кезеңімен тексеріліп, жөнделетін болады.

Асқар Қонақбаев, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Өндірістік-техникалық департаментінің директоры:
- Ең бастысы – газдың шығуын (утеечка) анықтау. Сонымен қатар газ құбырының техникалық жағдайы тексеріледі. Егер газ құбыры темірден жасалған болса, оның коррозиялық жағдайына ерекше назар аударылады. Яғни құбырдың коррозияға ұшырағаны немесе ұшырамағаны анықталады. Ал пластикалық құбырлар болса, олардың қосылу орындарында газдың шығуы бар-жоғы тексеріледі. Қазіргі таңда осы бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Қазір компания газ желілеріндегі олқылықтарды мобильді диагностика арқылы анықтайтын болған. Биыл «Пергам» зертханасының көмегімен 5 595 шақырым газ құбыры тексерілді. Нәтижесінде 100-ден астам ақау анықталып, толықтай жойылды. 

Асқар Қонақбаев, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Өндірістік-техникалық департаментінің директоры:
-
Жоспар бойынша 2135 газ реттегіш қондырғымызды техникалық қызмет көрсету көзделген болса, қазір 456 қондырғы және 2010 дана электрохимиялық қорғау қондырғыларымыз бар. Оның ішінде бүгінгі күнге дейін 545 қондырғыға техникалық қызмет көрсетілді.

Астана мен оның маңындағы елдімекендер және Ақмола облысының ауылдарын газдандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Мәселен, елорданың 300 мың, Қосшы қаласының 10 мыңнан астам халқы көгілдір отынға қол жеткізбек. Ал осыған дейін атқарылған ауқымды жобалардың жемісін Аршалы және Целиноград аудандарындағы ондаған ауыл көріп отыр. Жылыту маусымына дайындықпен қатар, газ мамандары қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертуде. Тұтынушыларға газды қауіпсіз пайдалану қағидаларын түсіндіру бойынша ақпараттық жұмыстар үздіксіз жүргізілуде.

Шерхан Абзалұлы, Мадияр Қындыбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz