Сәтбаевтағы стадион орындықтарын қиратқан балалардың ата-анасы заң алдында жауап берді.
Оқиға әлеуметтік желіде тарағаннан кейін жүгенсіз жасөспірімдерді полиция жедел анықтады. Десе де шағын шаһарда бұзақылардың кесірінен бүлінген дүние бұл ғана емес. Балалардың вандализмге баруы жиілеп кеткен.
Ортақ мүлікті өшпенділікпен қиратқандар әрі кетсе 5-6 сыныптың оқушылары. Полиция вандализм фактісі бойынша іс қозғап, ата-аналарына айыппұл салды. Оған қоса келтірілген шығынды толық өтейтін болды. Алайда бұдан вандализм тыйыла ма?
Гүлмира Жұматова, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:
- Бізде орын алып жатқан вандализм жәй ғана бұзақылық қана емес, бала тәрбиесіндегі мәдениет пен жауапкершіліктің жеткіліксіздігі. Әр отбасы, әр баламен біржақты ғана білім беріп қана қоймай, отбасымен бірлесіп, жұмыс жасағанда ғана жетістікке жетеді деп ойлаймын.
Мұғалімдер: «Балалар вандализмі олардың қоғамдық орындағы мәдениетті білмеуінен болады», - дейді. Мысалы, орталық саябақтағы мына субұрқаққа бір айдың ішінде үш рет жөндеу жасалды. Балалар велосипедпен ішіне түсіп, жарық шамдарын қиратқан. «Вандализммен күресте отбасындағы тәрбиеге көңіл бөлу керек», - дейді ардагер ұстаз Айтжан Жүнісова.
Айтжан Жүнісова, ардагер ұстаз:
- Бала тәрбиесіне ата-ана қарау керек сияқты. Ата-ана қай уақытта болмасын, оның мектепте немесе далада жүргенде балаға ие болуы керек. Барды бағалауды үйретіп, халықтың қазынасын шашпай-төкпей, обал болады деген нәрсемен тәрбиелеу керек.
Вандализм әрекеті көбіне жазғы каникул кезінде болады екен. Талдау жасаған мамандар осылай дейді. Мектептен тыс уақытта балалар арасында бұзақылық артады. Қалада 90-ға жуық отбасы ерекше бақылауға алынды.
Гүлмира Жұматова, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:
- Қалалық, облыстық прокуратура тәуекел топтармен жұмыс қатты қолға алынып жатыр. Барлық білім беру ұйымдарында тізімдер жасақталып, балаларға ата-аналармен бірлесе жұмыс жасауға үлкен көңіл бөлініп отыр. Балалар бос кезінде бейсауат жүрмеу үшін алдын алу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Облыс бойынша балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін мектеп жанынан 170 лагерь жасақталды. Онда сауықтырумен қатар «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Таза Қазақстан» акциясының маңызын түсіндіреді. Бұл вандализмді түпкілікті жоймаса да, алдын алуға себеп болады дейді ұстаздар.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов
Тегтер #Сәтбаев #Заң мен тәртіп #Таза Қазақстан #вандализмPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz