RU
Толық нұсқаға өту

Донор өзі өмірін сақтап қалған баламен кездесті

11.06.2026, 20:15 40

Алматыда Дағыстаннан келген донор мен жеті жастағы қазақстандық рецепиент бала алғаш рет кездесті. 

Үш жарым жыл бұрын дәрігерлер балаға күрделі қан ауруы диагнозын қойған. Науқасқа шұғыл түрде сүйек кемігін трансплантациялау қажет болды. Алайда Қазақстаннан сәйкес келетін донор табылмаған соң, дәрігерлер көмек сұрап ресейлік әріптестеріне жүгінді. 

Абдулла Яхьяровқа 2023 жылы «апластикалық анемияның күрделі түрі» диагнозы қойылады. Бұл қауіпті дерт сүйек кемігін зақымдайды. Соның салдарынан  қанның негізгі жасушалары – эритроциттерді, лейкоциттерді және тромбоциттерді өндіруді тоқтатады. Мұндай диагнозда консервативті емдеу әдістері көмектеспейді. Адамның өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы – сүйек кемігін трансплантациялау.

Ерғали Сәрсекбаев, ҚР Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының бөлім меңгерушісі:

-  Өкінішке қарай, отбасы ішінде сәйкес келетін туыстық донорлар табылмады. Сондықтан туыстық байланысы жоқ донорларды іздеу жұмыстары жүргізілді. Алдымен Қазақстанның ұлттық донорлар тізімі тексерілді. Алайда ол жерден сәйкес келетін донорлар анықталмады. Содан кейін іздеу жұмыстары Ресейде жалғасты.

Қазақстанның Ұлттық сүйек кемігі донорлары тізімінде шамамен 15 мың азамат ресми түрде тіркелген. Алайда олардың арасынан да Абдуллаға сәйкес келетін адам табылмады. Содан кейін Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының мамандары ресейлік әріптестеріне жүгінеді. Мінсіз сәйкес келетін донор Дағыстан астанасы Махачқаладан табылады. Ол Ахмед Абдуллаев. 34 жастағы азамат 10 жылдан бері донор. Қазақстандық баланың өмірін сақтап қалу туралы ұсыныс түскенде, ол еш ойланбастан келісімін беріпті.

Ахмед Абдуллаев, сүйек кемігінің доноры:

- Бұл қан тобын немесе плазманы тапсыру сияқты. Сүйек кемігінің жасушалары да дәл солай тапсырылады. Өкінішке қарай, Қазақстанда да, Ресейде де, соның ішінде Дағыстанда да адамдар «сүйек кемігі» деген сөзден қорқады. Сондықтан ең алдымен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл процедура кезінде ешқандай ауырсыну болмайды және адамның денсаулығына зиян келтірмейді. Осыны халыққа кеңінен түсіндіру маңызды.

Ахмед Абдуллаев Ресейдегі мамандандырылған орталықта қан тапсырады. Сүйек кемігінің жасушаларын Қазақстанға әкелуге Әсел Байсейітова атындағы қайырымдылық қоры қолдау көрсетті. Дағыстаннан келген донор мен Алматыдағы кішкентай реципиенттің кездесуін ұйымдастыру да осы қордың бастамасы.

Гүлнар Әбділова, Балалар онкологиясы және гематологиясы республикалық орталығының басшысы:

- Қазіргі уақытта қазақстандық донорлар тізімінен алынған донорлар арқылы 15-тен астам трансплантация жасалды. Бізде жақын және алыс шетелден келген донорлар да болды. Атап айтқанда, Ресейдің донорлар тізіміндегі жандардың арқасында 20-ға жуық науқас көмек алды. Сондай-ақ Израиль, Германия, Польша және басқа да елдерден келген донорлар да болды. Қазіргі уақытта донорлық географиясы кеңейіп келеді. 

Республикалық балалар онкологиясы және гематология орталығында сүйек кемігін трансплантациялау 2012 жылдан бері жүргізіліп келеді. Бүгінге дейін 300-ге жуық операция жасалған. Донорларды іздеу Республикалық қан орталығында жүзеге асырылады. Ал жасушаларды дайындау, бөліп алу, сақтау және оларды трансплантациялау осы орталықта жүргізіледі. 

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz