RU
Толық нұсқаға өту

Мемлекетке 1 трлн теңгеден астам заңсыз актив қайтарылды

11.06.2026, 20:41 33

Бас прокуратураның мәліметінше, тек былтырғы жылдың өзінде 316,7 млрд теңге мемлекетке өтті. 

Қайтарылған активтердің қатарында коммерциялық және тұрғын үй ғимараттары, шетелдегі жер учаскелері, компаниялардағы акциялар мен үлестер, автокөліктер, зергерлік бұйымдар және басқа да құнды мүліктер бар. Қаражат әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталып жатыр. Арнайы мемлекеттік қор есебінен шамамен 482 млрд теңгеге 434 нысанның құрылысы қаржыландырылды.

Қайтқан қаржыда қайыр бар. Өңірлерде инфроқұрылым жақсара бастады. Атап айтқанда, заңсыз игерілген активтерден қайтарылған қаражатқа әлеуметтік маңызы бар нысандар бой көтеріп жатыр. Мәселен, жақында ғана Ұлытау облысындағы Кеңгір ауылының тұрғындарының төбесі көкке жетті. Мұнда қайтарылған қаржы есебінен құны 416 млн теңге болатын дәрігерлік амбулатория салынып, ел игілігіне берілді. 2 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенде осыған дейін аурухана болмаған. Енді ауылдағы ағайын облыс орталығына сабылмай, қажетті ем-домын үй маңынан алады. Ол үшін жаңа ғимаратта барлық жағдай жасалды. Жалпы өңірде қайтарылған активтер есебінен 10 млрд теңгеге 14 жоба жүзеге асырылып отыр. Соның тең жартысы медицина саласына тиесілі. Кеңгір ауылынан бөлек шалғайда жатқан 6 елді мекенде дәл осындай денсаулық сақтау мекемесі салынды.

Бибігүл Үсембаева, емхана директоры:

- Емдеу мекемесі 45 кабинеттен тұрады. Мұнда жергілікті тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Инсульт пен инфаркт алған пациенттерге жедел қолдау көрсетуге арналған заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған.

Бақытгүл Әлиева, Кеңгір ауылының тұрғыны:

- Бұрын қалаға сабылып жүретін едік. Арамызда қарттар, жүріп-тұруы қиын науқастар бар. Соған қарамастан, емделу мен анализ тапсыру үшін қалаға қатынауға мәжбүр болатынбыз. Ал қазір өте қуаныштымыз. Осындай жағдай жасалғаны үшін барша халықтың атынан үлкен алғыс айтамын!

Ал Өскеменде құрылысы 6 жылға созылған «Гематология орталығы» шілде айында ашылады. Маңызды нысанның құрылысына Президент назар аударып, қайтарылған активтер есебінен қаржы бөлінді.

Есболат Өженов, облыстық Құрылыс басқармасының бөлім басшысы:

- Бастапқы құны 30 милллард теңгеден астам еді. Қазіргі құны 80 миллиард теңге. Өйткені құрылыс басталған жылдан бері доллар бағамы бірнеше рет өзгерді. Жоба қымбаттап кеткен соң, оған бюджеттің қауқары жетпеді. Осылайша, екі жыл бұрын нысан республиканың балансына өтті. Былтыр бұл мәселеге Президент назар аударып, қайтарылған активтер есебінен қаржы бөлінді. Қазір құрылыстың 97 пайызы аяқталды.

Қайтарылған қаражат әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды. Арнайы мемлекеттік қор есебінен шамамен 482 млрд теңгеге 434 нысанның құрылысы қаржыландырылды. Олардың ішінде: 227 су инфрақұрылымы, 183 медицина, 11 білім беру, 5 спорт нысаны және 8 инфрақұрылымдық жоба бар. Нәтижесінде 312 нысанның құрылысы аяқталды, оның ішінде 158 су нысаны мен 148 медицина мекемесі пайдалануға берілді.

Қуанышбек Мұқаш, «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС бас директоры:

- Қайтарылған активтердің қатарында коммерциялық және тұрғын үй ғимараттары, шетелдегі жер учаскелері, компаниялардағы акциялар мен үлестер, автокөліктер, зергерлік бұйымдар және басқа да құнды мүліктер бар. Негізгі сату тәсілі – «е-Qazyna» пор­талында электрондық сау­да ұйым­дастыру. Сауда аукцион түрін­де өткізілуі мүмкін. Қайтарылған активтерді сатудан түскен қаражат Арнаулы мемлекеттік қорға жіберіледі. Заңнамаға сәйкес Арнау­лы қордың қаражаты ден­сау­лық сақтау, білім беру, бұқа­ра­­лық спорт және басқа да сала­­­лардағы әлеуметтік және инфра­құрылымдық нысан­дар­дың құ­ры­лысына бағытталады. Әрбір жоба міндетті түрде эко­но­мика­лық сараптамадан өтеді.

Ведомство мәліметінше, мемлекетке жалпы сомасы 1,3 триллион теңгеден астам активті қайтару бойынша шаралар қабылданған. Оның ішінде 1 триллион теңгеден астам қаражат пен мүлік нақты қайтарылды. Бұл қаржының 968,5 млрд теңгесі – ақшалай, ал 107,7 млрд теңгесі – мүлік түрінде тіркелген. Бас прокуратура Мемлекет басшысының заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін басқа да жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр. Негізгі мақсат – мұндай активтерді Қазақстан тұрғындарының игілігі үшін заңды айналымға тарту.

Авторлары: Әлішер Әли, Жандос Битабаров

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz