RU
Толық нұсқаға өту

Өңдеу өнеркәсібі мен білім саласында байланыс бекиді

11.06.2026, 21:17 48

Батыс Қазақстан облысы мен Қытайдың Ляонин провинциясы өңіраралық ынтымақтастықты тереңдетеді.

Әсіресе Цзиньчжоу қаласымен бірлесіп жүзеге асырылатын жобалар қатары артады. Бұл жөнінде тараптар өзара уағдаластық жасады. Енді мұнай өңдеу, химиялық өндіріс, машина жасау сияқты бағытта Қытайдың озық технологиясы мен тәжірибесі Ақжайық өңіріне келе бастайды. 

Нариман Төреғалиев бастаған батысқазақстандық делегация бүгін Цзиньчжоу қаласына барды. Олар шаһар басшысының бірінші орынбасары Лю Симинмен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға, мәдениет және туризм саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Қытайлық компанияларды аймақтың инвестициялық әлеуеті қызықтырып отыр.  

Лю Симин, Цзиньчжоу мэрінің бірінші орынбасары:

- Біздің қалада өнекәсіптің 33 санатын қамтитын 1700-ден астам өнім түрі шығарылады. Бұл көрсеткіш сіздердің мұнай-газ өндіру саласындағы әлеуеттеріңізді тамаша толықтыра түседі. Бауырлас қалалар арасындағы берік байланысты негізге ала отырып, бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. 

Бұдан кейін делегация мұнай және химия, жанармай қоспалары, автобөлшек өндірісі сияқты бірқатар жетекші компанияларды аралады. Кәсіпорын қызметкерлерімен жүздесіп қажетті мағлұмат жинап қайтты. Сондай-ақ өзара тәжірибе алмасты.

Тілепберген Каюпов, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

- Өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында білім беру, денсаулық сақтау және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша өз жұмыс жоспарларымызға қатысты кеңес өткіздік. Оның нәтижелі болатынына сеніміміз мол. Басты мақсат – әрбір өнеркәсіптің дайын өнімін сырттан алып келу емес, сондай өнімді өзімізде де өндіру. Осы бағытта жұмыс істеуге бел буып отырмыз.

Сапар барысында кадр даярлау мәселесі де талқыланды. Әсіресе инженер мамандарды оқытып жергілікті кәсіпорындарда тәжірибеден өткізуге ерекше мән беріледі. Бұл бағытта Батыс Қазақстан облысының жоғары оқу орындары Цзиньчжоудағы 12 университетпен байланыс орнатады. Білім бағдарламалары аясында студент алмасып, өндіріске қажетті заманауи мамандықтарды игеруге күш салады.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz