Қазақмысқа қарасты шахталардың бірінде қызметкерлер маңызды мәселе көтерді. Олар еңбек жағдайын жақсарту, өндірісті жаңғырту сынды талаптар қойып, жұмыс істеуден бас тартқан.
Кеншілермен жолыққан мекеме басшылығы барлық тарапты жан-жақты тыңдап, шахтерлердің тілектері орындалатынын мәлімдеді. Оңтүстік Жезқазған кенішінде еңбек ұжымымен кездесу өтті. Оған «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі қатысты.
Шахтерлер үшін бұл ерекше жағдай. Себебі бұған дейінгі басшылық мұндай ашық форматтағы кездесулер өткізбеген еді. Ұжым алдына шыққан төраға қызметкерлер талабы ескеріліп, бірқатар кадрлық шешімдер қабылдағанын жеткізді.
Руслан Өскенәлі, «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы:
- Жаңа жігіттердің барлығы келісімін берді. Айлық мәселесін отырып талқылау керек деді. Бұған дейін көптеген жігіттердің жалақысы дұрыс төленбей жатса, оның әрқайсын жеке қарап, талдау қажет. Разряд мәселесі болсын, жалақының дұрыс есептелмеуі болсын, еңбек демалысының дұрыс рәсімделмеуі болсын – бәрін әр қызметкер бойынша жеке қарау керек. Барлық осы мәселелермен өзім айналысамын. Белсенді топпен бірге келіп, өзіміз отырып жұмыс істейміз. Одан кейін айына бір рет сол 20–30 адамға атқарылып жатқан жұмыстар бойынша есеп беріп отырамын.
Сондай-ақ кәсіпорынның қазіргі жобалары мен жоспарлары талқыланды. Атап айтқанда, шикізаттық ресурстық базаны кеңейтуге арналған инвестициялар, өндірістік жабдықтарды жаңғырту, күкірт қышқылын өндіретін зауыт салу сияқты өзекті экологиялық мәселелерді шешімін таппақ. Тұрғын үй, өңірде мәдени нысандар салу жайы сөз болды.
Кездесуде жұмысшылар көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алды. Жиын соңында тараптар кәсіпорынды дамыту, қауіпсіздікті арттыру және еңбек жағдайларын жақсарту жөнінде сөз байласты. Сондай-ақ ұжым корпорация басшылығына ашық әңгіме үшін алғыс білдірді.
Тегтер #Қазақмыс #шахтерлер #басшылық #қызметкерлерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz