Көкшетаудағы жаңа жылу электр орталығын 2028 жылы іске қосу керек.
Ақмола облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев осындай тапсырма жүктеді. Қазір қазандықтардың құрылысы басталған.
Жыл соңына дейін нысан аумағына теміржол мен асфальт төсеу жұмыстары аяқталады. Бұдан бөлек вице-премьер өңірдегі бірқатар өндіріс ошағы мен әлеуметтік нысандарда болды. Жылу электр орталығы 300 гектардан астам аумақта салынып жатыр. Мұнда газ тазарту жүйесі, күл үйіндісі, мазут шаруашылығы мен көмір қоймалары да бой көтереді.
Аңсар Айдаров, «Самұрық-Энерго» АҚ Инвестициялар жөніндегі бас директоры:
- Станция электр қуаты 280 МВт болады. 40 МВт станцияның өзі алып отырады. 240 мегават энерго системаға берілетін болады. Сонымен бірге 800 гигакалорий жылу қалаға беріледі. Қазір Көкшетау қаласы 600 гигакалорий алып отыр. Келешекте қала өскен соң тағы да 200 гкал қосымша береміз.
Орталықты 2029 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарланған. Бірақ Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс қарқынын арттырып, нысанды ертерек ел игілігіне беруді жүктеді.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
- Мемлекет басшысының назарындағы үлкен обьекті. Үкімет басшысы да қатаң бақылауда ұстап отыр. Сондықтан тездетіп бітіруіміз керек. Сіз айтқандай 2029 жылдың бірінші кварталы деген болмайды. Екі сменде жұмыс жасау керек. Керек болса 3 сменде жұмыс жасау керек. Тездетіп 2028 жылдың жылу маусымына кіру керек.
Теміржол вокзалдары жөнделіп жатыр
Вице-премьер облыс орталығында жөнделіп жатқан теміржол вокзалына бас сұқты. Қазір өңірде 16 вокзал жаңартылып жатыр. Басым бөлігінде жұмыстар 90 пайызға орындалды.
Мұрат Төрегелдин, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
- 16 вокзалдың ішінде 9 вокзал толықтай бұзылып, жаңадан салынып жатыр. Олардың көлемі өзгеріп жатыр. Көкшетаудың вокзалын алатын болсақ, бұрында 9 мың шаршы квадрат болса, қазір 9 мың 300 квадратқа дейін жетеді.
Көкшетаудағы теміржол вокзалы 1981 жылы салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Нұрлыбек Нәлібаев жергілікті билік өкілдеріне жұмыстардың сапасын жіті қадағалуды тапсырды.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
- Әр қала үшін, облыс орталығы үшін, аудан орталықтары үшін де теміржол вокзалы деген өте маңызды ғой. Бүкіл қонақтар осымен келіп кетеді. Халыққа да ыңғайлы. Мысалы, жазда салқын болса, қыста жылы болса керемет емес пе.
Қазақстандық қамтудың үлесі артты
Көкшетаудағы ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын зауытта қазақстандық қамтудың үлесі артқан. Қазір комбайн бөлшектерінің 30 проценттен астамы осында жасалады. Зауытта жылына 5 мыңға жуық техника құрастырылады. Вице-премьер алғашқы кезекте отандық шаруаларды қажетті техникамен қамтамасыз ету керектегін жеткізді. Бұдан бөлек Нұрлыбек Нәлібаев Степногорсктегі жылу электр станциясы мен өндірістік нысандардың жұмысын бағамдады. Сапар соңында аймақ экономикасын дамытуға қатысты жүйелі жұмыс істеп, Президент қойған тапсырмаларға басымдық беруді жүктеді.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Көкшетау #ЖЭО #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz