Ұлытаулық жас орманшылар ұлттық паркке қарағайдың 200 көшетін екті. Көгалдандыру акциясы дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орайластырылған.
«Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандары бастама көтеріп, қауымдастық құрған еді. Қазір осы қауымдастық құрамындағы оқушылар орманшыларға жәрдем беріп жүр. Арнайы тұқымбақта көшет өсіріп, оны орманға егеді.
«Ұлытау» ұлттық табиғи паркі 2021 жылы құрылған. Аумағы 60 мың гектар. Оның шамамен 8 мың гектары орманмен көмкерілген. Ерекше қорғалатын аймақта былтырдан бері жасыл желекті көбейту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл іске мектеп оқушыларынан құралған «Жас орманшылар» қауымдастығы да ерекше үлес қосуда.
«Жас орманшы» қауымдастығын ұлттық табиғи парк пен Ұлытау ауылындағы тірек мектебі бірлесе құрды. Жоба арадағы меморандум бойынша жүзеге асып жатыр. Орман шаруашылығына қызығатын 30-ға жуық оқушы тұқымбақта көшет өсіріп, күтімін жасайды. Бұл жолы 200 түп көшет екті.
Балым Дархан, «Жас орманшылар» қауымдастығының мүшесі:
- Біз 2025 жылы қаңтарда қарағай тұқымын еккен болатынбыз. Енді міне бүгін сол тұқымнан шыққан жас көшеттерді жерге егіп жатырмыз. Табиғатты қорғау әр азаматтың парызы деп ойлаймын.
Жас орманшылар көгалдандырумен қатар орманның экожүйесін сақтау, зиянкестермен күрес сияқты жұмыстарды атқарады. Сабақтан бос уақытта ағаштарды суарып, айналасын тазартып отырады.
Талғат Әбішев, орманшы:
- Балалардың талпыныстары өте жақсы. Қарап тұрған жоқ. Қолдарына күректерін алып, бірі су құйып, бірі жер қазып отырғызып үйреніп жатыр. Біз де көрсетіп жатырмыз, түбіне ауа бармасын жақсылап таптаңдар, келешекте сендердің еккен ағаштарың деп айтамыз дедік.
Шерхан Қуаныш, «Жас орманшылар» қауымдастығының мүшесі:
- Көп турист келеді. Сол себепті біздің жеріміз жасыл болғанын қалаймыз. Алдыңғы жылы біз көл жақта ектік. Көл жаққа 100 шақты ағаш ектік. Олар қазір өсіп жатыр. Соларға барып суарып, арам шөптерін жұлып кетеміз.
Табиғи парк аумағында жабайы аң-құстың 200-ден астам түрі мекендейді. Ағашы азайған аумақтан аң-құс қашатыны белгілі. Сол себепті мамандар орман алқабын ұлғайту жұмыстары болашақта да жалғасатынын айтады. Мәселен, былтыр 20 гектар жерге жиде ағашы егілген. Енді жас орманшылар баптаған қарағай көшеттері де осында жайқалып тұрады.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов
Тегтер #Хабар #жаңалықтар #Ұлытау #жас орманшыларPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz