Астана жасыл қалаға айналады. Шаһарда экопарктер көбейеді. Сосын көлік-логистика, өңдеуші өнеркәсіп және Smart city.
Алдағы 5 жылда Астананың негізгі инвестициялық драйвері бұлар. Бас қалада қазір 174 жоба жүзеге асып жатыр. Инвестициялар құрылымы әртараптандырылған. Тақауда Мемлекет басшысы Астананың мәртебесі туралы заңға қол қойды.
Астаналықтар осы уақытқа дейін алаңдап келген бір жайт бар. Иә, жергілікті урбанистер Талдыкөлдегі экопарк жобасын пысықтап жатыр. Көлдің екі учаскесі су айдыны болып қала береді. Демек құрылыс жүргізілмейді. Флора мен фаунасы сақталады. Тиісті құжаттар дайын. Жоба келесі аяқталады. Қазір тұрғын үйлерге жақын жағалауды бекіту жұмыстары жүріп жатыр.
Бақтияр Бекенов, Урбанистика орталығының бөлім басшысы:
- Шілдеде Құрылыс кодексі күшіне енеді. Онда дизайн код деген түсінік бар. Оның заңдық күші бар. Осылайша, біз жобалаушы ретінде құрылысшылар мен бизнестен бас жоспардағы өзгерістерге бағынуды талап ете аламыз. Бұл қаланың келбетін жақсартып, бірегейлікті іздей аламыз. Дизайнерлік шешім қабылдарда пікір кереғайшылығы болмайды.
Бас қалада парктер кластері қалыптасты
Расында Астананың іскерлік беделі арта берері анық. Бұған арнайы заңдық мәртебе де септеседі. Ал қарапайым халық қысы ызғарлы Елорда жылы мекенге айналып жатқанын мойындайды. Қалада жыл сайын 170-тен аса қоғамдық және аула алаңдары абаттандырылады. Мұндағы мақсат тұрғындардың өмір сапасын арттыру. Есіл бойындағы парк кластері қаланың көркіне көрік қосты. Осындай саябақтардың көбеюі бас жоспарды біршама өзгерткені рас. Урбанистика орталығының мамандары қазір «Мыңжылдық саяжолын» абаттандырып жатыр. Былтыр Қазақ елі монументінен басталған жоба Нұрлы жол вокзалына дейін созылады. Қаржыландыру кешікпесе, «Мыңжылдық саяжолы» 2030 жылға дейін толық пайдалануға беріледі.
Бақтияр Бекенов, Урбанистика орталығының бөлім басшысы:
- 2024 жылы халықаралық сарапшыларды шақырып, "Мыңжылдық" саяжолының ландшафтық мастер-жоспарын жасақтадық. Бұл бірнеше жылға межеленген стратегия. Өйткені ол жерде әлі де тұрғын үйлер салынып жатыр. Ақырын-ақырын абаттандыру жұмысын жүргізе береміз. ЛРТ іске қосылды. Енді соның бойын көгалдандыруды бастап кеттік.
Астана мәртебесі бекіді
Иә, Астана жасыл қалаға айналып келеді. Аспанмен астасқан ғимараттар аясында саябақтардың көбеюі қуантады. Қалада жыл сайын 1 млн тал терек егіледі, құрылысшылар да тұрғын үй маңын абаттандыруға міндетті.
Әділхан Дүйсебек, «Ұлттық құндылықтар академиясы» РҚБ төрағасы:
- ҚР Парламенті ҚР астанасының ерекше мәртебесі туралы заң қабылдады. Бұл енді елорданың, еліміздің жүрегінің дамуына, оның перспективасына жаңа жол ашады. Жаңа серпіліс береді деп ойлаймын. Сол үшін қабылданып жатқан заң деп есептейміз. Бұл заң аясында Астана қаласының мәслихатына, әкімдігіне ерекше құзірет қосып беріліп отыр.
Астана - инвесторларға тартымды қала
Биыл Астанада 29 жоба іске қосылады. Жалпы құны 200 млрд теңге. Мамандар бас қаланың инвестициялық тартымдылығы артып келеді дейді. Инвесторларды бастапқы кезеңнен-ақ толық сүйемелдейтін арнаулы фронт-офистер бар. Бұл маңызды жобаларды қысқа мерзімде әрі сапалы жүзеге асыруға сеп. Бір мысалы - ЛРТ игілігін көріп жатырмыз. Ал жалпыұлттық пулда 2 трлн теңге болатын жаңа жобалардың 174-і жүзеге асады. Сосын сәтін салса, 26 мың жұмыс орны ашылады. Алғашқы 4 айдың өзінде Астананың негізгі капиталына 588 млрд теңге инвестиция құйылды. Өсім 9 пайыздан асқан. Жергілікті билік инвесторларға қолдау көрсетеді. Соның нәтижесінде көлік-логистика, өңдеуші өнеркәсіп, сондай-ақ әлеуметтік және цифрлық технология салаларының өсу қарқыны айтарлықтай артты. 2030 жылға қарай осы бағыттағы жобалар инвестицияның басты драйвері болмақ. Ал негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемі 7,5 трлн теңгеге жетеді.
Негізгі капиталға инвестиция 9% пайыз артты
Астана инвесторларына қолдау бар:
өнеркәсіп – 26,4%
білім – 20 %
медицина – 8,6%
спорт және туризм – 11,4%
логистика және қойма – 28,7%
басқалары – 4%
Шағын және орта бизнес те қала экономикасының қарыштауына септігін тигізіп жатыр. Көрсеткіш 66%-ға жетті. Бұл рекорд. Қазір бас қалада 246 мың шағын және орта бизнес субъектісі бар. Олар жарты млн адамды жұмыспен қамтып отыр.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Астана #Таза Қазақстан #экопарк #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz