Астанада шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) заңсыз рәсімдеу схемасы анықталды, деп хабарлайды «24KZ».
Күдіктілер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен сыбайлас жемқорлық тетіктерін пайдаланған.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шетел азаматтарына ЖСН беру олардың Қазақстан аумағында жеке қатысуы және міндетті биометриялық сәйкестендіруден өтуі арқылы ғана жүзеге асырылады.
ҚМА-ның мәліметінше, алайда 2024-2025 жылдары өтініш берушілердің елге келуінсіз-ақ ЖСН рәсімдеуге заңсыз көмектесетін қылмыстық схема ұйымдастырылған.
«Схеманы жүзеге асыру үшін әлеуметтік желідегі арна пайдаланылып, сол арқылы ЖСН-ды қашықтан алуға мүдделі шетел азаматтары іздестіріліп, тартылған. Қылмыстық әрекетке «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның Астана қаласы бойынша филиалының қызметкерлері тартылған. Олар ХҚКО ақпараттық жүйесіне көрінеу жалған мәліметтер енгізіп, ЖСН алуға қатысты жалған өтінімдер рәсімдеген, - делінген хабарламада.
Заңсыз сыйақы делдалдар арқылы банк аударымдары түрінде беріліп, кейін схемаға қатысушылар арасында бөлінген.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданған.
Агенттік ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейтінін мәлім етті.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #Астана #қылмыс #жсн #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz