Алматыда Республикалық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысу үшін өтінім қабылданып жатыр. Берекелі шаңырақ пен өнегелі ұрпақ тәрбиесін насихаттайтын ұлттық байқау биыл 13-ші рет өтеді.
Жоба талай жанұяны көпшілікке үлгі етіп келеді. Солардың бірі – 2018 жылғы байқауда үздіктер қатарынан көрінген Иманғалиевтер әулеті. Бірлігі жарасқан отбасының құпиясы неде?
Сәбит Иманғалиев пен Зүбәйра Қыстаубаева - әулетінің берекесі, төрінің сәні. Сексеннің сеңгірінен асса да қариялар әлі де сергек. Қоғамдық жұмыстан қол үзбей, оған қоса сүйікті істері бау-бақшаны баптап отыр. Ата-ананың әр ісі балаға үлгі, - дейді жарасымды әулеттің басиелері. Ал өнегелі ұрпақ тәрбиелеудің сыры – мейірімде.
Зүбәйра Қыстаубаева, отанасы:
- «Әке асқар тау, Ана қайнар бұлақ, бала жағасындағы құрақ» деп айтады ғой. Сол құрақ жақсы өсу үшін күннің жылуы қалай керек болса, отбасындағы балаларға да ата-ананың сондай жылуы керек. Мейірімділікпен өскен бала ол қоғамда жаман болмайды.
Сәбит ата мен Зүбәйра апа саналы ғұмырын ғылым мен ағарту ісіне арнаған. Балалары да ата-ананың жолын жалғап, еліміздің ғылымы мен білімінің дамуына үлес қосып келеді. Әулетте ғылым кандидаттары, білім саласының үздіктері және халықаралық деңгейде жетістікке жеткен жас дарындар бар. 2018 жылы «Мерейлі отбасы» байқауында өнегелі әулет ретінде танылған отбасы бүгінде жас ұрпаққа білім мен тәрбиенің, татулық пен сыйластықтың үлгісін көрсетіп келеді.
Сәбит Иманғалиев, отағасы:
- «Мерейлі отбасы» деген бәйгеден жеңімпаз болғаннан кейін біздің отбасымызда үлкен бір қозғалыс, өзгеріс болды. Жеңімпаз болғаннан кейін жауапкершілік одан да әрі күшейді. Осы уақытқа дейін қазір 20 жылдан асты бүкіл Қазақстанда «Мерейлі отбасы» қалыптасты деуге болады.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына өтінімдер 15 маусымға дейін қабылданады. Байқау қыркүйек айында Отбасы күні қарсаңында қорытындыланады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Мерейлі отбасы #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz