Күні кеше Батыс Қазақстан облысында үш бала суға кетті.
Алдын ала мәлімет бойынша, олар арнайы жабдықталмаған жерде шомылған. Жалпы, шомылу маусымы басталғалы 5 бала судан ажал құшты. Құтқарушылар балалардың жағажайда қараусыз жүретінін айтады. Қазір өңірде рейдтік шаралар күшейтілді. Төтенше жағдай қызметкерлері патруль санын көбейтіп, демалыс орындарында профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр.
Аптап ыстықта өзен-көлдерді жағалап, сая іздеген көпшілік қауіпсіздікті естен шығарады. Батыс Қазақстандағы статистика құтқарушыларды алаңдатып отыр. Шомылу маусымы басталғалы 5 бала суға кеткен. Күшейтілген жұмыс режиміне көшкен төтеншеліктер рейдті көбейтті. Дегенмен, суға түсуге тыйым салынған жерлерге баратындар азаймай тұр. Әсіресе үлкендердің қарауынсыз жүрген бала көп.
Жазда күніне жүздеген, ал демалыс күндері тіпті мыңдаған адам Шаған өзеніне шомылуға келеді. Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін құтқарушылар күнұзақ жағалауды шолып, тыйым салынған жерлерге шомылуға болмайтынын ескертеді.
Демалушылар арасында ескертуді елемейтіндер көп. Жағалаудан бірін қуса, келесі топ пайда болады, дейді құтқарушы. Өңірде қауіпсіз демалу үшін жағдай жасалған 34 ресми жағажай жұмыс істейді.
Рафаэль Шакуров, құтқарушы:
– Арнайы жасақталған жағажай болған соң мұнда судағы сақтық ережелері қатаң бақыланады. Біздің жағажайға негізінен отбасылар келеді. Ересектердің қарауынсыз жүрген балаларды кіргізбейміз.
Базар Нұртазин, қала тұрғыны:
- Жиен немерелерім кеше де алып келдім, бүгін де алып келдім. Суға түсуге ыңғайлы, жақсы жер. Жақын жерде тұрамыз. Күн жылынған соң балаларға керек. Сол алып келіп түсіріп, қасында қарап жүрмін. Қасында жүрем обязательно ол деген, су деген оңай емес қой. Естіп жатырмыз бірталай кісі суға кеткен.
Судағы тәуекелдерді азайту үшін өңірде патруль саны артты. 50 бірлік жүзу құралы мен арнайы техника жұмылдырылды.
Айбек Ғаділжанов, ТЖД төтенше жағдайларды ескерту және жою жөніндегі инженері:
- Облыстың қауіпті және жабдықталмаған су айдындарында 7 бағыт бойынша патрульдеу ұйымдастырылды. Сонымен қатар құтқару батальонының әскери қызметшілері кезекшілік атқаруда. Алдын алу және түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлудеміз. Бүгінгі таңда 300 ден астам рейдтік шаралар өткізіліп, 4 мыңнан астам жадынамалар мен үгіт-насихат материалдары таратылды.
Облыста елді мекендерге жақын жерлерде ондаған өзен-көл бар. Бірақ барлығын шомылуға жарамды деп айтуға болмайды. Рұқсат етілмеген орындарда суға түскендерге 30 мың теңгеге дейін айыппұл салынады.
Елдос Кәкенов, Альбина Кумаргалиева, Болат Жарылгасов, Калыбек Акрап
Тегтер #БҚО #суға кетті #ТЖД #бала #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz