RU
Толық нұсқаға өту

Жамбыл облысында 300 отбасы баспаналы болды

12.06.2026, 22:00 34

Жамбыл облысында тұрғын үй кезегінде тұрған 300 отбасы баспаналы болды.

Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған жандар, мүгедектігі бар азаматтар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Жамбыл ауданы мен Тараз қаласында болған салтанатты шараға облыс әкімі мен «Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимова арнайы қатысып, қуаныш иелерін құттықтады. Жалпы биыл «Отбасы банкінің» қолдауымен елде 45 мыңға жуық отбасыға баспана беріледі.

Бүгін Аса ауылында үлкен қуаныш. 120 отбасы көптен күткен баспанасының кілтін алды. Солардың бірі Дархан Нұрмаханов. Ол үш жыл бұрын ІІ топтағы мүгедектігі бойынша тұрғын үй кезегіне тұрған. Өткен айда жағымды хабар алып, бүгін үш бөлмелі пәтердің иесі атанды.

Дархан Нұрмаханов, Аса ауылының тұрғыны:

- Жаңа үй сатып алуға мүмкіндік болған жоқ. Осыған рақмет арендалық үйге жетіп жатырмыз. Өзім сияқты мүмкіндігі шектеулі адамдар көп негізі. Осындай программа көп бөлініп, үй берілсе жақсы жеңілдік болып тұр ғой.

Дәл осындай қуаныш Тараз қаласында да болды. Мұнда 200-ге жуық отбасы жаңа қонысқа көшті. Пәтерлер мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдетілген шарттармен берілді. Қатысушылар небәрі 10 пайыз бастапқы жарна төлеп, 2-5 пайыздық мөлшерлемемен несие рәсімдеген.

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы:

- Жалпы саны шамамен 45 мың пәтер болады. Бұл 2026 жылғы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Біз баспана кезегінде тұрған азаматтармен жұмыс істеп жатырмыз. Өткен жылы әкімдіктен бізге өткен кезектегі адамдардың 10 пайыздан астамы биыл жаңа үйге қол жеткізіп, қоныс тойын тойлайды.

Қазір Жамбыл облысында тұрғын үй кезегінде 61 298 адам тұр. Оның жартысы Тараз қаласының тұрғындары. Мәселені шешу үшін жергілікті билік жаңа үйлер салып қана қоймай, дайын пәтерлерді де сатып алып жатыр.

Бақытжан Орынбеков, Тараз қаласының әкімі:

- Әр пәтердің құны 252 мың теңге шаршы метріне. Тағы да жыл соңына дейін 160 пәтерді сатып алып кезекте тұрған әлеуметтік осал топтардағы азаматтарымызды пәтермен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз.

Жалпы жыл соңына дейін Жамбыл облысында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 1190 пәтердің кілті табысталады. Баспаналар «Отбасы банкінің» автоматтандырылған жүйесі арқылы орталықтандырылған тәртіппен бөлінеді.

Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz