RU
Толық нұсқаға өту

Жасанды зерде медицинаға енді

15.06.2026, 08:30 36

Оралда емханада робот-көмекші іске қосылды. Жасанды зерде тұрғындарды скринингтен өтуге шақырып, дәрігерлердің қабылдау уақытын айтады.

Ем алушылар тарапынан жиі қойылатын сұрақтарға жауап береді. Сөйтіп Батыс Қазақстан облысының медицина мекемелерінде жасанды интеллект қызмет көрсететын болды. 

Ақылды көмекші емхананың анықтама қызметін мойнына алған. Дәрігерлердің жұмыс кестесінен бастап қабылдауға жазылу ретінен де жасанды интеллект хабардар. Медициналық мекеме мамандарына 50 мың адам қаралады. Күн сайын 3 мыңға жуық қоңырау түседі. Бұған дейін тұрғындардың сұрақтарына тіркеу бөлімінің қызметкерлері жауап беретін.

Назерке Жұмашева, №2 қалалық емхана қызметкері:

- Бізде жұма күні таңертең көп қоңырау түседі. Алдағы жұмаға кесте ашылады. Соған жазылу үшін таңғы уақытта қоңыраулар көп болады. Мейрам, демалыстардан кейін көп болады. Жасанды интеллект қойғаннан кейін пациенттер бізге іріктеліп түседі.

Жасанды зерде емханада жұмысындағы бірсарынды қызметті өз мойнына алған. Егер мәселе күрделі болса, қоңырау маманға бағытталады. Нейрожелінің тағы бір міндеті – пациенттерді скринингтен өтуге шақыру.

Дина Есляшева, №2 қалалық емхананың бас медбикесі:

- Орта есеппен алғанда шамамен 5 мың адамға қоңырау шалу қажет. Олардың 3,5-4 мыңы скринингтік тексеруден өтеді. Жасанды интеллект бұл жұмысты мейлінше жеңілдетті. Тіркеудегі тұрғындармен сөйлесіп, тексеруден өткенін анықтайды. Бұл біздің медбикелерге үлкен көмек болды.

Клиникалық тәжірибеге жасанды интелектті енгізу үрдісі де жалғасып жатыр. Мәселен, инсульт орталықтарында дертті нақты анықтау үшін «Сerebra.ai» жүйесін қолдану жоспарда бар.

Айнаш Ғұбайдуллина, БҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Неврологиялық ауруларға, соның ішінде инсульт ауруларын, түрлі гемморогиялық, ишшемиялық инсульттарды анықтау мақсатында «Сerebra.ai» деген автоматтандырылған науқасты анықтау жүйесі іске қосылып жатыр. Бұл жоспар облысымызды кезең-кезеңімен өткізілгелі отыр. Бірінші көпбейінді қалалық ауруханаға енгізілетін болады. Содан кейін Бөрлі және Ақжайық аудандық ауруханаларындағы инсульт орталықтарында енгізілетін болады.

Бұдан бөлек, биыл облыстық көпбейінді ауруханада телемедицина кабинеті ашылды. Заманауи байланыс құралы дәрігерлерге шалғайдағы әріптестерімен кеңесуге және пациенттерге онлайн ем-дом жасауға мүмкіндік береді. Жүйеге аймақтағы 38 медицина мекемесі қосылған.

Авторлары: Альбина Кумаргалиева, Болат Жарылгасов, Калыбек Акрап

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz