Айтыс өнерінің аққан жұлдызы, дара дарын Оразалы Досбосыновтың арамыздан кеткеніне жылдар өтсе де, оның артына қалдырған өшпес мұрасы мен мәрт мінезі ел жадында. Белгілі ақын Талант Арғынғали «Azamat Life» YouTube арнасына берген сұхбатында Оразалы ақынмен өткізген жастық шағы, оның азаматтық болмысы мен жұмбақ өліміне қатысты ел арасындағы қауесеттердің шындығын айтып берді, деп хабарлайды "24KZ".
Журналистпен әңгіме барысында ақын Оразалы Досбосыновтың мәрттігін ерекше атап өтті. Талант Арғынғали Алматыға келіп, ҚазҰУ табалдырығын аттаған кезде, сол тұста университеттің 3-курсында оқитын Жанарбек Әшімжан, Бақыт Беделхан және Оразалы сынды аға буын өкілдерімен тығыз шығармашылық байланыс орнатқандарын жеткізді. Осылайша, өнер жолындағы таныстық уақыт өте келе ағалы-інілі бауырластыққа ұласқан.
Оразалы Досбосынов тек айтыстың ғана емес, үлкен жиын мен той-думанның сәні болған. Көптеген дәстүрлі әншілер оның өзіндік мақамы бар екенін айтып, жоғары бағалаған. Ақынның жады өте мықты болған: Қытайға, Моңғолияға айтысқа барып, сол жақтан естіген ескі, сирек әндерді бір тыңдағаннан жаттап алып, домбырада шебер орындайтын. Тіпті, кейіннен әншілікті де кәсіби деңгейде қолға алуды жоспарлап жүрген.
Алыстан келген айтыскер ақындардың бәрі Алматыға табан тіресе, алдымен Оразды іздейтін
Сол кезде жары Ажар екеуі Алматыда тұрып жатқан, балалары да кішкентай еді. Жас отбасы. Соған қарамастан, Ажар жеңгеміз өте қонақжай, қабақ шытпайтын асыл жандардың бірі болды. Кейде үйінде бірнеше күндеп жатып алатынбыз. Оразалы кез келген уақытта «күн демей, түн демей үйге жүріңдер» деп бізді ертіп әкететін. Тіпті қала сыртындағы анасының үйіне барып, қона жатып демалатын кездеріміз де болды.
Оразалының мәрттігі соншалық - тойдан алған гонорарын артынан ерген інілеріне шашып салып, ақшалай да, рухани да көмегін аямайтын. Кімнің қандай қиындығы бар, пойыз бен ұшақ билетіне дейін өз қалтасынан төлеп, мәселесін шешіп беретін. Болмаса, танымал ағаларынан сұрап жүріп көмектесетін жомарттығы бір төбе болатын.
Оразалы Досбосынов сахнаға, сөзге өте үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Сақадай сай болмаса, сахнаға шықпайтын. Бір күнде бес ақынмен қатарынан айтысып, бәйгені алып шығатын.
Әсіресе, қырғыз ақындарымен айтысудың теңдессіз шебері болды. Қырғыз бауырлардың тілін, мәдениетін, терең тарихын түсініп, олармен тең дәрежеде сөз сайыстыра алатын Есенқұл Жақыпбеков, Ермек Жұматаев секілді санаулы ғана ақын болса, соның бірі әрі бірегейі - Оразалы еді. Қырғыздар оның жан-жақты біліміне, тарихты түгелдеп, алдына жан салмайтын өткірлігіне тәнті болып, оны «киллер» деп атап кеткен екен.
Халық арасында «Оразалы шындықты айтқаны үшін әділетсіздік көрді, жолы кесілді, кісі қолынан қаза тапты» деген алыпқашпа әңгімелердің бар екені жасырын емес. Талант Арғынғали бұл мәселеге нүкте қойып, шындықты айтты.
Иә, халық өзі жақсы көрген азаматын өлімге қимайды. Ол кезде әлеуметтік желі болмағандықтан, түрлі қауесеттердің тарауы заңдылық. Бірақ шындық мынау: сол қайғылы жол апаты болған кезде қасында белгілі азаматтар - Жарас Сәрсек пен Бақыт Беделхан ағаларымыз болды. Олар - ақынның соңғы демі үзілер сәтте жанында тұрған азаматтар. Егер кісі қолынан қаза тапса, сол жігіттер бірінші болып айтар еді. Бұл - алдынан келген қатал ажал, тағдырдың жазуы. Мен Оразалы ақынды соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне өзім қатыстым, - деп түйіндеді ақын.
Тегтер #Талант Арғынғали #айтыс #Оразалы #24жаңалықтар #24KZ
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz