Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында республика бойынша 124 вокзалды жаңғырту жұмысы басталған болатын.
Соның екеуі Абай облысының Бородулиха ауданының Ауыл және Белағаш ауылдарындағы теміржол вокзалдары қайта жаңғыртудан кейін елімізде алғаш болып пайдалануға берілді. Ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Марат Исқалиев қатысты.
Ауыл станциясы жолаушыларға бір ғасырға жуық уақыт бойы қызмет көрсетіп келеді және өңірдің көлік қатынасында маңызды орын алады. Бұл станция арқылы Новосібір – Алматы халықаралық теміржол бағыты өтеді. 1929 жылы салынған вокзал ғимараты уақыт өте келе тозып, жаңартуды қажет еткен. Қайта жаңғырту барысында нысанның аумағы кеңейтіліп, инженерлік желілер толық жаңартылды. Сонымен қатар перрон жөнделіп, вокзал маңындағы аумақ абаттандырылды.
Берік Уәли, Абай облысының әкімі:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Мемлекет әрдайым ауылды қолдайды, себебі ауыл – ұлтымыздың өзегі, ауылды жаңа көзқараспен, озық оймен, жаңартылған тәсілдермен бірге дамытуымыз керек» деп айтып өткен болатын. Осы бастамалардың жалғасы ретінде облысымызда қазіргі таңда 10 теміржол вокзалын реконструкциялау жобасы қолға алынған болатын. Бұл жұмыстар тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға, жолаушылар тасымалының сапасын арттыруға, көлік қатынасының қауіпсіздігі мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Жаңғырту барысында жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінді. Вокзалдарда ана мен бала бөлмелері, арнайы санитарлық тораптар жабдықталып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз қозғалуына жағдай жасалды. Бұл үшін пандустар орнатылып, тактильді бағыттауыштар төселген. Сондай-ақ ғимараттарға жаңа жиһаздар орнатылып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуінің арқасында жолаушылар үшін пойыз күту анағұрлым қолайлы әрі жайлы бола түсті.
Айтмұхамед Түймебаев, Белағаш ауылының тұрғыны:
- Өзім өмір бойы теміржолда істедім, 43 жыл теміржолда істедім, бір жерде, әкем де теміржолда істеді. Енді бәрі жақсы болсын. Соған мен тілектеспін. Бәріне рақмет!
Кәкім Маңғазбаев, Белағаш ауылының тұрғыны:
- Бүгінгі күні бәріміз қуаныштымыз, теміржол вокзалы ашылып, жаңартылып, халыққа қызмет жасап жатыр. Көп-көп рақмет!
Қазіргі таңда Абай облысындағы тағы сегіз вокзалда күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Семей, Аягөз, Шар, Ақтоғай, Жалаңашкөл, Дегелең, Үшбиік және Жарма станцияларындағы нысандар жаңартылуда. Аталған нысандарды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Серік-Ибраһим Орынбек, Мәди Базарбеков
Тегтер #Абай облысы #теміржол вокзалы #жаңарту #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz