Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының кәмелетке толған қатысушыларына 2024 жылы есептелген қаражаттың 84,9%-ы немесе 30,6 млн доллардың шамамен 26 млн доллары пайдаланылмаған, деп хабарлайды «24KZ».
Qazaq Expert Club қаржы сарапшысы Венера Жаналинаның айтуынша, мәселе бұдан да кең әрі жүйелі сипатқа ие.
Оның айтуынша, жалпы алғанда 2023–2024 жылдары қатысушылар 18 жасқа толғаннан кейін пайдалануға болатын 106,2 млн доллардың шамамен 74,6 млн доллары қозғалыссыз қалған. Яғни қаражаттың шамамен 70%-ы игерілмеген*.
«Мұнда барлық балаларға есептелген жинақтар туралы емес, тек 18 жасқа толған және қаражатын білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алатын қатысушылардың қаражаты туралы сөз болып отырғанын түсіну маңызды», – дейді Жаналина.
Сонымен бірге, оның пікірінше, пайдаланылмаған қаражаттың жоғары үлесі бағдарламаның тиімсіз екенін білдірмейді.
Бағдарлама механизмі жұмысын жалғастыруда: балаларға жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық табысының бір бөлігі есептеледі, ал кәмелетке толғанға дейін бұл қаражат қор активтерінің құрамында инвестицияланып отырады. 18 жасқа толғаннан кейін жинақтарды екі бағыт бойынша пайдалануға болады: білім алуға және тұрғын үй мәселесін шешуге.
«Пайдаланылмаған қаражат үлесінің жоғары болуы түсінікті жағдай. 18 жаста жастардың барлығы бірдей болашақ оқу бағытын түпкілікті анықтап үлгермейді, көпшілігі грантқа түседі, ал жинақталған сома көбіне тұрғын үй мәселесін толық шешуге жеткіліксіз болады. Сондықтан қаражаттың игерілмеуі алушылардың табиғи мінез-құлқын көрсетеді», – дейді қаржыгер.
Алайда оның айтуынша, басқа сұрақ туындайды: бұл қаражат мақсатты жинақтау шоттарына аударылғаннан кейін қаншалықты тиімді басқарылады? Кәмелетке толғанға дейін олар Ұлттық қор құрамында жұмыс істеп, инвестициялық табыс әкеледі. Ал мақсатты жинақтау шотына аударылғаннан кейін қаражат іс жүзінде инвестициялық айналымнан шығып қалады. Егер олар бірнеше жыл бойы пайдаланылмаса, капитал номиналды түрде сақталғанымен, өсуді тоқтатады.
«Осы тұрғыдан алғанда игерілмеген қаражатты инвестициялау мүмкіндігін қарастыру қисынды көрінеді. Жастардың бастапқы капиталын қалыптастыруға арналған ақша ондаған миллион доллар туралы сөз болғанда, табыс әкелуді жалғастыруы тиіс. Бірақ бұл ретте бағдарламаның бастапқы мақсатын өзгертіп алмау аса маңызды», – деп атап көрсетеді сарапшы.
Ықтимал әсерді бағалау үшін Жаналина консервативті сценарийге сүйенуді ұсынады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордың валюталық портфелінің кірістілігі 7,59% болған. Алайда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы үшін ұзақ мерзімді көрсеткішті қолданған дұрыс. Соңғы 18 жылдағы Ұлттық қордың орташа жылдық кірістілігі АҚШ долларымен есептегенде 2,97%-ды құрады.
«Егер жылдық кірістілікті шамамен 3% деп алсақ, онда пайдаланылмаған 26 млн доллар жыл сайын шамамен 0,8 млн доллар инвестициялық табыс әкелер еді. Ал игерілмеген қаражаттың жалпы көлемі 74,6 млн доллар болған жағдайда, ықтимал табыс жылына шамамен 2,2–2,3 млн долларды құрайды. Бірнеше жыл ішінде капиталдандыру әсерін ескерсек, бұл болашақ алушылардың пайдасына қосымша миллиондаған доллар деген сөз», – дейді Жаналина.
Осыған байланысты, оның пікірінше, Жоғары аудиторлық палатаның қаражатты «экономикаға тарту» туралы ұсынысына сақтықпен қарау қажет. Бұл қаражатты еркін мемлекеттік ресурс немесе жекелеген жобаларды қаржыландыру көзі ретінде қарастыруға болмайды. Олар нақты азаматтарға тиесілі және қатаң мақсатты сипатқа ие.
Сондықтан басты міндет уақытша бос қаражатты экономика қажеттіліктеріне пайдалану емес, баланың капиталын оны саналы түрде пайдаланатын сәтке дейін сақтау және көбейту болуы тиіс.
«Егер қатысушылар кәмелетке толғаннан кейін пайдаланылмаған қаражатты инвестициялау туралы шешім қабылданса, бірнеше негізгі қағиданы бекіту қажет. Біріншіден, қаражат нақты алушыға бекітілген күйінде қалуы тиіс. Екіншіден, инвестициялық стратегия барынша консервативті әрі ашық болуы қажет», – дейді сарапшы.
Сонымен қатар барлық инвестициялық табыс шот иесіне тиесілі болуы керек, ал жас азамат кез келген уақытта жинағын білім алуға немесе тұрғын үйге пайдалану мүмкіндігін сақтап қалуы тиіс.
Тегтер # Qazaq Expert Club #24KZ #24жаңалықтар #Ұлттық қор«Осылайша, Жоғары аудиторлық палата бағдарламаның ықтимал осал тұсына орынды назар аударды. Алайда кез келген өзгеріс барынша мұқият және теңгерімді болуы қажет. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы әлеуметтік қолдау шарасы ғана емес, жастардың бастапқы капиталын қалыптастырудың толыққанды құралына айнала алады. Ең бастысы – уақытша бос қаражатты пайдалану кезінде жүйенің емес, қаражат алушының мүддесі басым болуы тиіс», – деп қорытындылады Жаналина.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz