Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі еліміздегі әрбір азаматтың жеке мәліметтерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы ұсынымдар жариялады, деп хабарлайды «24KZ».
Ведомство таратқан мәліметке сәйкес, жеке деректер дегеніміз - электронды, қағаз немесе кез келген өзге материалдық тасымалдағыштарда сақталған, нақты бір тұлғаға қатысты мәліметтер. Мұндай ақпараттардың қатарына азаматтардың биометриялық деректері де кіреді.
«Жеке деректер және оларды қорғау туралы» қолданыстағы заңға сәйкес, барлық мәліметтер қолжетімділік деңгейіне қарай екі негізгі санатқа бөлінеді:
Жалпыға қолжетімді деректер – отандық заңнама бойынша құпиялылық талаптары қолданылмайтын және иесінің келісімімен еркін пайдалануға болатын мәліметтер.
Қолжетімділігі шектеулі деректер – заң жүзінде қорғалатын және үшінші тұлғалардың көруіне шектеу қойылған ақпараттар.
Министрлік мамандары бұл санаттардың айырмашылығын түсіндіріп өтті. Мәселен, азаматтың аты-жөні мен жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) ешқандай құпия ақпаратпен байланыстырылмай, жеке дара қолданылса, ол жалпыға қолжетімді мәлімет болып есептеледі.
Алайда, егер осы аты-жөні мен ЖСН деректері адамның қаржылық жағдайына, отбасына, салығына, банктік және коммерциялық операцияларына, медициналық тарихына немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияларына қатысты ақпараттармен бірге тіркелсе, олар бірден қолжетімділігі шектеулі жеке деректер санатына өтеді.
Бұған дейін Астана, Алматы және Қарағанды қалалары тұрғындарының жеке мәліметтері халықаралық қылмыстық желінің қолына түсіп кеткені туралы ақпарат жарияланған болатын. Жаңа ұсынымдар алдағы уақытта мұндай киберқылмыстардың алдын алуға септігін тигізбек.
Тегтер #жеке деректер #цифрлык даму #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz