RU
Толық нұсқаға өту

Шу ауданында су арналары жаңартылып жатыр

17.06.2026, 13:00 45

Жамбыл облысында 71 суару арнасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Жобаның басым бөлігі биыл аяқталса, қалған нысандарды жаңғырту жұмыстары 2028 жылға дейін жалғасады. Мамандардың айтуынша, суару жүйелерінің жаңартылуы егістік алқаптарындағы су шығынын едәуір азайтып, су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл шаралар өңірдегі суармалы жер көлемін ұлғайтып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына оң ықпал етпек. 

Шу ауданында 14 суару каналын қайта қалпына келтіру жұмыстары 2019 жылы басталған. Алайда түрік мердігер компаниясы бір де бір каналда жөндеу жұмыстарын жүргізбепті. Мердігер жұмыс күшінің тапшылығына байланысты 2022 жылы құрылысты  белгіленген кестеге сәйкес аяқтай алмапты. Соның салдарынан жоба орта жолда тоқтап қалған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарын басқа мердігер ұйым қолға алды.

Тілеуберді Атаханов, аудандық ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы:

- Жобада 14 каналды  қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуі тиіс болған. Қазіргі таңда бетондау жұмыстары аяқталды, бірақ оң жағалау каналы арқылы су баратын болғандықтан қазіргі таңда сол оң жағалау каналында ремонттық жұмыстар басталып кетті. Осы екі жылдың ішінде оң жағалау каналы толық бетондалып біткен жағдайда сол 14 каналға да су баратын болады.

Шу ауданында қазіргі таңда қолданыстағы 94 су арнасының 42-де ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Осы су арналары арқылы 28 мың гектар егістік алқабы суарылады. Алайда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына байланысты фермерлер су тапшылығын сезініп отыр.

Абдулла Насыров, диқан:

- Он жылдай болды егістікпен айналысқаныма. Жалпы ауыл адамдары арасында егістікпен айналысады. Су болмағанына бес-алты жылдай болды. Сондықтан құдық ұрып жатырмыз, жаңағы бір  құдық 110 мыңнан, екі құдық 2,5  гектарға 220 мың болды.

Мақсат Сұлтанғазиев, Шу аудандық мәслихатының депутаты:

- Әзірге кейбір ауылдарға жаңағы су мүлдем келмей тұр. Неге, себебі оны биылға билік тарапынан да, әкімдік тарапынан да "Қазсушар" тарапынан да ескертілген. Құрылыс жұмыстарына байланысты, ауқымды құрылыс жұмыстарына байланысты каналдар жабылады деп. Шу ауданында өзі 18 округ бар, мына Бәйдібек, Далақайнар сияқты ауылдар көбінесе мына сырт, қашық ауылдардың барлығы судан жапа шегіп отыр. Биыл ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Енді өзінің әрқайсысының кезеңі бар, мерзім бойынша атқарылатын. 

Бүгінгі күні Жамбыл облысының бес ауданында жалпы ұзындығы 400 шақырымнан асатын 71 суару каналы күрделі жөндеуден өтуде. Жоба аясында бетон науалар жаңартылып, гидротехникалық құрылыстар күшейтіліп, дренаж жүйелері қалпына келтірілуде. Мамандардың айтуынша, жаңғырту жұмыстары тозығы жеткен каналдардағы су шығынын азайтып, судың жерге сіңіп кетуінің алдын алады. Бұл өз кезегінде су ресурстарын тиімді пайдалануға және суармалы алқаптарды тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ербол Әбдірахманов, "Қазсушар" РМК облыстық филиалының бас инженері:

- Су арналарын жаңғырту су шығынын 90 процентке дейін азайтуға мүмкіндік беріп, 24 мың 877 гектар суармалы жерді қалпына келтіруге жол ашады. Вегетациялық кезеңде  аудандарға түгелдей осы каналдарда жүргізілетін жұмыстардың басталғаны туралы хабарламалар жіберілген болатын. Барлық жұмыс түрлері фермерлермен және жергілікті атқарушы органдармен келісілген.

Суару арналарын жаңғырту жұмыстарын 2028 жылға дейін толық аяқтау жоспарланып отыр. Бұл жоба су тапшылығы мәселесін азайтып, суды тасымалдау кезіндегі шығындарды едәуір төмендетеді. Соның нәтижесінде фермерлер егістік алқаптарын дер кезінде суарып, жақсы өнім алуға мүмкіндік алады.

Қарлығаш Қасиетова, Анастасия Сүлейманова, Бақытжан Бапаев, Эльдар Байділда

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz