RU
Толық нұсқаға өту

Семейдегі ет комбинаты қыркүйекте пайдалануға беріледі

17.06.2026, 18:27 50

Жаңадан салынып жатқан ет комбинаты бір ауысымда 100 бас ірі қара мал, 1000 бас ұсақ мал союға, 3 тонна шұжық пен 5 тонна консерві өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді.

Нысанды биыл қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазір құрылыс алаңында 130 жұмысшы мен 20-дан астам техника жұмылдырылған.

Қанат Қалиев, «Eurasia Agro Semey» ЖШС бас директоры:

- Қазіргі таңда жұмыстардың 70–75 пайызы аяқталды. Осы жұмада жабдықтарды монтаждау жұмыстарын бастаймыз. Жоспар бойынша барлық монтаж жұмыстары 1 қыркүйекке дейін толық аяқталады. Сонымен қатар бізде көптеген шаруашылықтармен және бордақылау алаңдарымен келісімдер жасалған. Мал қоры дайын. Жұмысты бастап, оны әрі қарай жалғастыру үшін қажетті жоспарлар жасалып, Жаңа жылға дейінгі кезең толық қамтылған.

Абай облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мобильді фронт-офистің жұмысымен танысты. Арнайы жабдықталған шағын автобус шалғай елді мекендердегі кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау құралдарын қолжетімді етуді көздейді. Көшпелі топ құрамында «Даму» қорының мамандарымен қатар әкімдік пен екінші деңгейлі банктердің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы» және консалтингтік компания өкілдері бар. Олар кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат беріп, өтінімдерді сол жерде қабылдайды.

Фархат Сарсекеев, «Даму» қорының басқарма төрағасы:

- Біріншіден, кеңес беруден кейін кәсіпкерлердің өтініштері болса, оларды қабылдап, қалаға келмей-ақ аудан орталықтарындағы өтініштерді қабылдап, қарастыру мақсаты бар.

Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта мобильді фронт-офистер базасында кәсіпкерлерге арналған оңалту орталықтарын іске қосу жоспарланған.Осылайша, жаңа форматтағы көшпелі қызмет мемлекеттік қолдау шараларын кәсіпкерлерге бұрынғыдан да жақындатып, бизнестің дамуына серпін беруді мақсат етеді. Сонымен қатар Серік Жұманғарин өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесіп, бірқатар кәсіпорындарды аралады.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz