RU
Толық нұсқаға өту

Абай облысында 14 медициналық нысан салынады

18.06.2026, 13:20 43

Биыл Абай облысы бойынша ауылды жерлерде 14 медициналық нысан қолданысқа беріледі.

Жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар ауылдағы ағайынға қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Жалпы ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жобасы аясында былтырдың өзінде 65 емдеу мекемесі салынды. Соның жетеуі Ақсуат ауданында бой көтерді.  

Шынар Сұлтанова Көктүбек ауылында фельдшер боп істейді. Оның айтуынша, ауылда бұрын медициналық пункт мүлде болмаған. Кейін тұрғындардың өтінішімен шағын бөлме бөлінді. Сол қуықтай кабинет 30 жылдай аяғы ауырып, балтыры сыздағандарға қызмет көрсетті. Тек былтыр ғана ауылда бөлек жаңа емхана салынды.

Шынар Сұлтанова, мейірбике:

- Бұрынғы кішкентай медпунктта қаншама жыл отырсақ та биыл жаңа медпункта терезелері жарық, іші жылы. Сәулетті медпунктте қызмет істеп жатырмыз.

Көктүбекте 270 адам тұрады. Қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары және басқа да созылмалы дерттермен ауыратын 40-қа жуық тұрғын диспансерлік есепке алынған. Олар жыл сайын тексеруден өтіп, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.

Айжан Қамзанова, Көктүбек ауылының тұрғыны:

- Бұл медициналық пунктінің ашылуы ауылымыздағы халықтың алдын ала деңсаулығын сақтау мақсатында профилактикалық кеңес алу керек екендігін түсіндіріп, қазіргі таңда жұмыс жасап жатыр. Енді бұл медициналық пунктта ауылымыздың фельдшері Шынас Сайтбекқызы жұмыс жасайды. Шынар апайымыз 30 жалдан астам еңбек өтілі бар. Әрбір науқастын көңілін таба білетін, дертіне шипа бере білетін.

Екпін ауылында да жаңадан дәрігерлік амбулатория ашылды. Осылайша 2000-ға жуық тұрғын зертханалық талдаулар тапсырып, түрлі медициналық процедуралардан өту үшін қалаға қатынамайды.

Қарлығаш Сайлауова, жалпы тәжірибе дәрігері:

- Бұл жерде 9 қызметкер қызмет етеді. Бір дәрігер және орта буын қызметкерлері. Соған байланысты Екпін ауылында 1800 тұрғынға алғашқы медициналық көмек көрсетеміз. Яғни біздің амбулаторияда лобаратория жұмыс жасайды, яғни алғашқы зерттеу нәтижелерін осы жерден халқымыз тегін және де жақын жерде ала алады.

Ақсуат ауданы бойынша 18 мыңнан астам тұрғын медициналық қызметпен қамтылған. Дәрігер тапшылығы жоқ, дейді мамандар. Денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жұмыстары медициналық көмектің сапасын арттырып, қолжетімділігін де кеңейтті.

Алмагүл Аштаева, Ақсуат аудандық ауруханасының бас дәрігері:

- Ауылдық деңсаулық сақтау саласың жаңғырту пилоттық жобасы аясында Ақсуат ауданында 7 елді мекенде жаңадан ғимарат салынып, бүгінгі таңда іске қосылып жатыр. Биыл компьютерлік томография алып, іске қосып жатырмыз. Лицензиясы алынды. Мамандар толық бар. Сондықтан халыққа қолжетімді, сапалы қызмет көрсетіп жатырмыз.

Биыл Ақсуатта тағы бір медициналық пункт Құмкөл ауылында салынады. Ал қалған 13 емхана 20 мыңға жуық тұрғыны бар Жаңасемей ауданында бой көтереді.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz