Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті мансап орталықтарының көмегімен бес мыңнан астам тұрғын жұмыс тапты.
Оның ішінде 3,5 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты, тағы 1700-дей азамат субсидияланатын еңбек орындарына жіберілді. Жаңа мамандықты меңгергісі келетіндерге тегін оқу курстары да бар.
Тайынша қаласының тұрғыны Виолетта Ковальчук сұлулық салонында жұмыс істеуді армандайтын. Шаштараздыққа машығу үшін ол облыс орталығынан тәжірибе жинап, туған қаласына оралды. Алайда кәсіби маман атану үшін қызмет түрлерін кеңейтіп, жаңа әдістерді меңгеру қажет екендігін түсінген ол шеберлігін шыңдауды ойлаған. Осы ойын жүзеге асыруға Виолеттаға аудандық мансап орталығының қызметкерлері көмектесті.
Виолетта Ковальчук, шаштараз:
- Курста нағыз мамандардан үйрендік. Кәсіби дағдыларымызды жетілдіру үшін еңбектендік. Мамандықтың басқа бағыттары бойынша да қосымша курстан өттік. 3-4 ай бойы тегін оқып үйрендік.
Жыл басынан бері өңірдегі мансап орталықтары арқылы 1 700-ге жуық адам кәсіби оқудан өтті. Оқу барысында олар шәкіртақы алып, кәсіпорындарда тәжірибеден өтті. Бүгінде жергілікті еңбек нарығын тігіншілер, жүргізушілер және көлік жөндеушілеріне сұраныс басым. Сондай-ақ өңірде медицина қызметкерлері, педагогтер мен жұмысшы мамандары да жетіспейді. Қазір облыста шамамен бес мың тұрғын жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр.
Алмагүл Рамазанова, облыстық Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары:
- 3 мың 539 адам тұрақты жұмыс орындарына орналасты. Онан өзге «Күміс жас», «жастар практикасы», «қоғамдық жұмыстар» секілді жұмыспен қамтудың белсенді шаралары бар. Көпшілігі қоғамдық жұмыстарға орналастырылып жатыр. Сонымен қатар мемлекет қаржысы арқылы жұмыс беруші қосымша жалақы төлейтін субсидиялы жұмыс орындары да бар.
Жыл басынан бері жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 131 мыңнан астам азамат қамтылып, 200 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Наталья Волкова, Қуаныш Қазбеков
Тегтер #СҚО #жұмыспен қамту #мансап орталығы #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz