Вьетнамға демалуға немесе іссапармен баратын қазақстандықтар үшін шекарадан өту рәсімі әлдеқайда жеңілдейтін болды. Елдің Сыртқы істер министрлігі туристер үшін «Алдын ала ақпарат ұсыну» (PAI) деп аталатын жаңа онлайн жүйені іске қосты, деп хабарлайды «24KZ».
Бұл жүйенің басты пайдасы қандай? Енді шетелдіктер Вьетнамға ұшпас бұрын өздері туралы мәліметтерді интернет арқылы алдын ала толтырып қоя алады. Бұл әуежайға қонған кезде құжат тексеру кезегінде сағаттап тұрмай, шекарадан өте жылдам өтуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта жаңа жүйе Хошимин қаласындағы Таншоннят халықаралық әуежайында сынақ ретінде енгізілді. Жақын арада ол елдің басқа да танымал туристік аймақтарындағы Ханой, Дананг, Камрань және Фукуок әуежайларда іске қосылмақ.
Жаңа жүйе визаны алмастырмайды. Егер сізге Вьетнамға виза керек болса, оны бұрынғыдай бөлек рәсімдейсіз.
Бұл анкетаны толтыру міндетті талапқа жатпайды. Бірақ әуежайда уақыт үнемдегісі келетіндер үшін өте ыңғайлы көмекші құрал.
Тіркелу тек тегін және тек қана ресми prearrival.immigration.gov.vn порталы арқылы жүргізіледі. СІМ интернеттегі жалған, ақша сұрайтын сайттардан сақ болуды ескертеді.
Егер жақын арада Вьетнамға жолыңыз түссе, шекарада уақыт жоғалтпас үшін осы ресми сайтқа кіріп, сапарыңыз туралы ақпаратты алдын ала енгізіп қоюға кеңес береміз.
Тегтер #Вьетнам #туризм #СІМ #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz