RU
Толық нұсқаға өту

Оңтүстік-шығыс Еуропаға қосымша қақпа ашылмақ

19.06.2026, 13:29 37

Саяси-экономикалық жол Черногория арқылы төселеді. Алғашқы қадамды сол елдің президенті Яков Милатович бастады.

Ол Астанаға ресми сапармен келді. Бұл ниетін былтыр Қазақстан елшісінен сенім грамоталарын қабылдағанда ресми түрде растаған еді. Тараптардың Біріккен ұлттар мен Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымдары аясында бұрыннан байланысы бекем. Бір-бірінің бастамаларын қолдап жүреді. Енді бетпе-бет кездесіп, бір үстел басында байлам жасалмақ. 

Черногория немесе Қаратау. Балқан түбегі, Адрия теңізі жағалауындағы мемлекет. Орталық Азияда Қазақстанға әу бастан оң қабақ танытады. Соған сілтеме. Еліміз 2000 жылы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге ұсыныс жасағаны белгілі. Черногория араға 6 жыл салып, тәуелсіздігін алған бойда қолдау танытты. «Осылай еуропа мен азия аймағында «алтын көпір» орнатты. Шағын ел», - деп шет қақпайлауға болмайды. Шаруасы ширақ әрі шама-шарқы да көп нәрсеге жетеді. 

Шыңғыс Ергөбек, саясаттанушы:

- 600 мыңнан сәл астам халқы бар, жалпы осы уақытқа дейін оңтүстік және шығыс Еуропаны өзара байланыстырушы мемлекет ретінде және көп жағдайда Еуропаға қақпа ретінде қарастырылып келе жатыр. Адрия теңізіне шығатын порты бар. Порты арқылы Еуродаққа немесе сондағы стратегиялық әріптестерге, оңтүстік-шығыс Еуропадағы әріптестермен экономиканы дамыту мүмкіндігі тұр. Егер экономикалық өсім тұрғысынан қарасақ, орта еуропалық деңгейден жоғары. Егер экономиканың көлеміне қарасақ, аса үлкен болмағанмен ең қарқынды дамушы экономикалардың біріне айналып отыр. 

Қаратаумен қатынастың қайырымы сол – оңтүстік-шығыс Еуропаға қосымша қақпа ашылды. Қазақстан – 5 плюс нұсқасы, яғни Орталық Азия үшін ортақ мүддемен бірге, елдің жеке межесінде белгілеуі тиіс. Черногория Еуроодаққа мүше болмаса да, валюталық айналымы еуро. Ал ақша қашанда қуатты құрал.   

Шыңғыс Ергөбек, саясаттанушы:

- Еуропа одағындағы дауыс беру тетіктері, Еуропа одағындағы шешім қабылдау тетіктері, Еуропарламенттегі белгілі бір орындардың бөліну тетіктері – көп жағдайда осы шағын мемлекеттердің мүлддесі өте жақсы ескеріледі. Бұл тұрғыдан Черногория – әлсіз, кішкентай болып көрінгенімен болашақта бұл мемлекеттердің Қазақстанның мүддесін қорғауда өте келелі әріптес бола алатындығында күмән жоқ деп айтуға болады. 

Әзірге тараптарды туризм тартып тұр. Тікелей әуе рейсі реттелген.  Черногория үкіметі жыл сайын қазақстандықтар үшін уақытша визасыз режим енгізді. 30 күнге дейін еркін кіріп-шығады. Аспан жолы арқылы байланысты әлі де арттыру күн тәртібінен түскен жоқ. Алайда тек барыс-келіс емес, инвестициялық мүмкіндігі де көзделіп отыр. «Президенттер ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, IT-технологиялар, транспорт және логистика салаларында бірлескен жобаларды талқылайды», - деп жоспарланған. 

Риззат Тасым, Халықаралық қатынастар сарапшысы:

- Президенттің қазіргі таңдағы Черногорияның өзінің азаматтық ұстанымдары Қазақстанға жақын секілді. Өйткені, ол көрші елдермен тату бейбіт саясатты жүргізу. Әсіресе Сербиямен қарым-қатынасты нығайтуды көздеп отыр. Еуропадағы өзінің интеграциясын нығайту. Одан бөлек, маңыздысы Орта Азиямен тығыз байланысты орнатуға бірнеше рет мәлімдеме жасаған еді. Соны көріп отырмыз. Орта Азияда Қазақстанға назары түсіп отыр. Одан бөлек, оның бэкграундына қарасаңыздар банк, инвестиция саласынан келген азамат. Сондықтан саяси диалогты прагматикалық-экономикалық алаңға қалай айналдыруды білетін секілді. Сондықтан алдағы уақытта міндетті түрде бірлескен инвестициялар жобасы бекітіліп, кейін осы жобалар арқылы нақты ынтымақ орнай түседі. 

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Яков Милатович АҚШ-та БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиялары аясында екіжақты келіссөздер өткізген. Сондай-ақ Черногория президентінің Астанаға сапары елдер арасындағы дипломатиялық қатынастардың 20 жылдық тарихымен тұспа-тұс келіп тұр. 

Авторы: Нысаналы Ығыл

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz