RU
Толық нұсқаға өту

Түркістан облысында су шығыны екі есе азайды

19.06.2026, 13:50 54

Шардараның шаруалары ерте көктемде егілген қауын-қарбызды жинап жатыр. Өнім мол. 

«Әзір судан тапшылық көрмедік», - дейді олар. Көбі шаруашылыққа су үнемдеу технологиясын енгізген. Биыл ауданда 12 мың гектар алқапқа егілген дәнді-дақыл тамшылатып суарылады. Судың шығыны жылдағыдан екі есе азайған. Жалпы облыс бойынша 114 мың гектарға жаңа технология енгізілді. Жыл аяғына дейін тағы 50 мың гектар қосылады. Бұл суармалы алқаптың 30 пайызы. 

Әбдірәсіл Иманбердиев биыл 60 гектар жерге пияз бен сарымсақ еккен. Тамшылатып суару технологиясын үш жыл бұрын енгізіпті. Жаңа әдіс тыңайтқыш пен суға кететін шығынды екі есеге дейін азайтқанын айтады. Өнімділік көлемі де артқан.    

Әбдірәсіл Иманбердиев, шаруа:

- Тамшылатып суару барлық жағынан тиімді. Дәрі беру жағынан да, жұмыс күшін пайдалану жағынан да тиімді. Қазір бұл жерде тергізуге адам жалдап отырмыз. Ал басқа уақытта осы 60 гектар алқапта бар болғаны 4 адам жұмыс істейді. Дәрі шашады, өздерінің арнайы аппараттары бар. Барлығы электрлі, жүйені толықтай токқа қосып қойғанбыз. Өнімділігі де жақсы: былтыр гектарынан 100 тонна өнім алдық. Ал биыл ерте сорт еккенбіз, қазір гектарынан 50 тонна өнім беріп жатыр.

Шардарада ерте егілген қауын-қарбыз пісіп жатыр. Диқандар ағын судан әзір тапшылық көрмеген. Мысалы, Жаушықұм ауылының егістік алқаптарына су Шардара су қоймасынан беріледі. Жылда су жетпей, жер құрғап қалатын. Аптапта егін қурап, еңбек еш кеткен кездер де болды. Биыл ондай қиындық жоқ.

Бексұлтан Шойбеков, шаруа:

- Су қоймасынан суды үш насос арқылы айдап әкеліп жатырмыз. Биыл алғаш рет осы тамшылатып суару жүйесін қолданып отырмыз. Тамшылатып суару әдісімен егілген дарбыздың арықпен суарылып егілген дарбызға қарағанда экономикалық жағынан да, су шығыны жағынан да тиімділігі жоғары. Жұмыс күшін де аз қажет етеді. Өнімділігі де жақсы болады деп күтіп отырмыз. Жоспар бойынша гектарынан 100 тоннаға дейін өнім береді деп болжап жатырмыз.

Қазір ерте піскен қауын-қарбыздар жүк көліктеріне тиеліп, еліміздің барлық өңіріне жөнелтіліп жатыр. Диқандар көршілес Ресей елінен де сұраныс көп екенін айтады. Тамшылатып суарудың тиімділігін түсінген диқандар биыл мол табысқа кенелеміз деп үміттеніп отыр. Жаңа техногия енгізуге шаруалардан өтініш түсіп жатыр. 

Нұрбақыт Нұрсейітов, Шардара аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы:

- 69 шаруа субсидия алуға өтінім беріп, тиісті қаржыларын алды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, 1 гектар жерге кететін жалпы шығын шамамен 800 мың теңгені құрайды. Оның 80 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Яғни 640 мың теңге көлеміндегі қаражат шаруаларға қайтарылып беріледі.

Мамандар су үнемдеу технологиясының қолжетімділігін арттыру үшін құбыр шығаратын компаниялармен келіссөз жүргізген. Қазір ауданда 8 мың гектар алқап тамшылатып суарылса, жыл соңына дейін тағы 4 мың гектарға суару қондырғылары қойылады.  

Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz