RU
Толық нұсқаға өту

Ақтауда ерекше балаларға арналған орталық ашылды

19.06.2026, 17:30 43

Ақтауда ерекше балаларға арналған «Qamqorlyq» оңалту және дамыту орталығы ашылды.

Заманауи құралдармен жабдықталған медициналық мекеменің мамандары аутизм белгісі бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызметті тегін көрсетеді. Үш жастан бастап, он сегіз жасқа дейінгі балаларды қабылдайды. Орталық  орналасқан ғимарат облыс бюджеті есебінен жаңғыртудан өтті.  

9-шағын   ауданда орналасқан заманауи орталық бір ауысымда 125 баланы   қабылдай алады. Мұнда сенсорлық бөлме, акустикалық кабина, логопед, дефектолог-психолог кабинеттері, робототехника және Lego, арт-терапия сыныптары мен қыш шеберханасы жұмыс істейді.

Кәмшат Бөлекбайқызы, қала тұрғыны:

- Екі баламды да осында әкеліп отырмын. Бұйырса, жақсы нәтиже болады деген ойдамыз.

Аида Қуаныш, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

- Облыста 8 мыңнан астам мүгедектігі бар бала бар. Соның ішінде 600-ге жуығы аутизм спектрімен ауыратын балалар. Орталықтың қызметі жартылай стационарлық түрде. Жүзге жуық маман қызмет атқарады.

Кәсіби  мамандар әр баламен күніне 4 сағат жұмыс істеп, қоғамға бейімделуіне бағытталған кешенді қызмет түрлерін көрсетеді. Орталықтың материалдық-техникалық базасы «Қазақстан халқына», «Samruk-Kazyna Trust» және «Қамқорлық» қорларының қаржылай қолдауымен жасақталған.

Нұрдәулет Қилыбай, облыс әкімі:

- Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің Жолдауында «Әр қазақстандық, оның ішінде ерекше қамқорлықты талап ететін әр бала білімге, осындай оңалту орталықтарына қолжетімділігі болуы керек» - деп тапсырған болатын. Ішіне кірген бала жарқырап, марқайып шықсын деген тілегіміз бар. Бұл әрине, әр ауданда, әр қалаға керек ғимарат. Осылай реттеліп, салына береді.

Президент Ұлттық құрылтай отырысында Үкіметке аймақ әкімдерімен бірлесе әр облыс орталығында аутизм белгісі бар сәбилер мен жеткіншектерді оңалту және дамыту орталығын іске қосуды тапсырған еді. Соған сәйкес елімізде ерекше балаларды ерте жастан анықтап, сауықтырумен шұғылданатын арнайы орталықтар желісін құру қолға алынды.        

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz