Іле Алатауы ұлттық паркіне былтыр бір миллионға жуық турист келді. Табиғи аймаққа 30 жылдың ішінде 136 миллиард теңге инвестиция тартылды.
Оның көп бөлігі тау экожүйесін дамытуға жұмсалған. Бұл туралы «Еуразиядағы тау экожүйелерінің сақталуы мен дамуы» тақырыбында өткен халықаралық конференцияда айтылды. Іс-шара ұлттық парктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Жиынға шетелдік сарапшылар, экологтар мен табиғатты қорғау саласының мамандары қатысты.
Іле Алатауы ұлттық паркі туристер үшін тартымды орынның бірі. Алматыға жақын тұрған соң саяхаттаушылардың саны көп. Конференцияда кәсіпкерлерге парктің инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Жаңа жобалардың бірі – Қаскелең және Үлкен Алматы шатқалында визит-орталықтарын салу. «Жоғары Талғар» туристік орталығын көркейту де көзделіп отыр. Сондай-ақ Іле Алатауында экопарктер мен этноауыл құру жоспарда бар. Сарапшылардың айтуынша, бұл бастамалар жүздеген жаңа жұмыс орнын ашады. Өңірдегі экотуризмді бұдан әрі дамыта түседі.
Нұркен Шәрбиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары:
- Былтыр мұнда келушілер саны 950 мыңнан асты. Егер әлемдегі жетекші ұлттық парктермен салыстырсақ, бұл аз. Біз арнайы талдау жүргіздік. Аумағы осыған қарайлас парктерге жылына кем дегенде 4 млн адам келеді. Сондықтан бұл жердегі туристік жүйені дамыту қажет. Бұл бағытта бірқатар жұмыс жүріп жатыр. Бастысы – экожүйеге кері әсер етпеуіміз керек.
Мерейтойға орай ұлттық парк пен табиғатты қорғау саласының қызметкерлері марапатталды. Іле Алатауында Қызыл кітапқа енген Сиверс алмасы секілді көптеген өсімдіктер өседі. Жабайы аң-құстар мекендейді. Сондықтан туризмді дамыта отырып, флора мен фаунаны сақтау өзекті.
Елнұр Ахметов, Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры:
- Түркия мемлекетінен мамандар келіп отыр. Сонымен қатар Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей мемлекеттері бізбен бірге негізгі мәселе – флора мен фаунаны қорғау және соны дамыту бойынша жұмыс атқарып жатырмыз.
30 жыл ішінде Іле Алатауы ұлттық паркінде 47 туристік маршрут абаттандырылды. 94 инвестициялық жоба жүзеге асты. Бүгінде оның аумағы 200 мың гектардан асады. Ал орман қорын қалпына келтіру үшін 5 миллионнан астам ағаш егіліпті.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Әбен Нарымбаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Іле Алатауы #туризмPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz