RU
Толық нұсқаға өту

Алматы облысында Qazaq Global Food зауыты ашылды

19.06.2026, 21:20 38

Жаңа кәсіпорын жылына 70 мың тонна жеміс-жидек пен көкөніс өңдеп, одан шырын, пюре мен паста өндіреді. Зауыт өнімдері негізінен экспортқа бағытталады. 

Тескенсу ауылының іргесінен ашылған Qazaq Global Food зауыты жыл сайын 13 мың тонна дайын өнім өндіреді. Жобаны жүзеге асыруға 9,5 млрд теңге инвестиция салынды. Негізгі стратегиялық серіктес - түркиялық Göknur Gıda компаниясы.

Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:

- Екі мың гектарға дейін бізге алма алқаптары керек болады. Әрине, ол үлкен жұмыс. Бұл тек қана бір зауыттың сол 100-ге жуық азаматқа жұмыс беруі емес, екінші этапта 200-ге жуық адам болады. Бұл деген сол біздің бүкіл ауыл шаруашылығының басында жүрген азаматтарға үлкен бір жақсы көмек болайын деп тұр.

Осман Асланалы, Goknur Gida компаниясының басқарма төрағасы:

- Бұл жобаның Түркия мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланысты нығайтуда алтын көпір рөлін атқаратынына сенімдімін. Қос мемлекеттің Прездиденті мен үкімет басшыларының бізге көрсеткен қолдауына үлкен алғысымды айтқым келеді.

Жобаның келесі кезеңінде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған жаңа өндіріс ошақтары іске қосыла бастайды. Бүгін сондай-ақ шетелдік меймандардың қатысуымен өндірістік қалдықтан пектин өндіретін кәсіпорынның іргетасы қаланды.

Самат Балабеков, Alpecon Group ЖШС бас директоры:

- Біз мың тонна пектин аламыз деп отырмыз және 3 мың тонна алма талшықтары. Оның барлығын Кореяға, Жапонияға экспорттаймыз. Жеміс-жидектің, көкөністің барлығын осы жергілікті өңірден аламыз.

Алматы облысының шаруалары күзде алманы қайда өткізерін білмей, сақтайтын қойма таппай қиналатын. Енді жиналған өнімді түгелдей осы зауытқа өткізеді. Компания алдағы екі жылда Жетісу өңірінен Түркістан облысына дейін қабылдау пунктерін ашуды жоспарлап отыр. Оған 10 000-ға жуық фермер мен 500 мыңға жуық ауыл шаруашылығы қызметкері жұмылдырылады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz