Зияткерлік сайыс олардың кәсіби мерекесіне орайластырылды. Шахмат тақталарында баспа, теледидар, радио және интернет-басылымдардың өкілдері, сондай-ақ блогерлер кездесті.
Турнирді Qazcontent компаниясы мен Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырды. Интеллектуалды жекпе-жекте кімнің бәсі жоғары болды?
50 ден аса бақ қызметкері бас қалада бас қосты. Себебі олардың кәсіби мерекесіне орай Qazcontent компаниясы мен Қазақстан шахмат федерациясы шахмат турнирін өткізді. Сайыстың бір ерекшелігі әлемдік шахмат федерациясының блиц-рейтингінде 2000-нан аспайтын, кәсіби шахматшы немесе жаттықтырушы болып табылмайтын тұлғалар ғана қатыса алады.
Сағыныш Ансабаев, «Қазмедиа орталығы» ЖШС қызметкері:
- Турнир швейцар жүйесі бойынша ұйымдастырылып, жеті турдан тұрды. Ал жартылай финал нокаут жүйесінде өтті.
Дәурен Дариябек, «Sadaq Media» агенттігінің жетекшісі:
- Турнирдің мақсаты үздік ойыншыны анықтау емес. Керісінше, медиа қауымдастық өкілдерін біріктіру, қарым-қатынас алаңын құру және зияткерлік спортты насихаттау. Ұйымдастырушылар осылай дейді.
Әділ Сейфуллин, «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы:
- Турнир жыл сайын өткізіледі. Бұл – біздің «Qazcontent» АҚ холдингінің бастамасы. Бүгінгі жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Біз журналистер арасында үлкен қызығушылық бар екенін байқап отырмыз. Бұл турнир әлі де кеңінен тамыр жаярына сенімдімін. Себебі әр БАҚ өкілі өз әріптесін қолдауға келеді. Сөйтіп, қызығушылығы ояна бастайды. Біз барлық журналистердің басын бір арнаға тоғыстырғымыз келеді.
Зияткерлік сайыстың жоғары деңгейде өтуіне шахмат федерациясы да септігін тигізіп отыр. Мемлекеттік жаттықтырушы Дастан Қапаев: «Журналистер кәсіби ойыншылардан кем емес», - дейді.
Дастан Қапаев, шахматтан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы:
- Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықтарға ие болды. Бірінші орын үшін - 500 мың теңге, екінші орын үшін - 200 мың, үшінші орын үшін - 100 мың теңге сыйақы берілді. Сондай-ақ үздіктер диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Авторы: Әлішер Әли
Тегтер #Астана #БАҚ #шахмат #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz