RU
Толық нұсқаға өту

Ақтөбе облысында 219 шақырым жол жөнделеді

20.06.2026, 18:46 56

Ақтөбе облысында Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Тұзтөбе тасжолы жөнделіп жатыр. Бірнеше ауданды байланыстыратын, одан әрі Ресейге шығатын күрежолдың асфальты әбден тозған еді.

Жалпы биыл облыстық маңызы бар 219 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр. 

Темір, Ойыл мен Қобда аудандарын көршілес Ресейдің Тұзтөбе елді мекенімен байланыстыратын жолдың сапасы сын көтермейді. Екі жыл бұрыңғы су тасқынынан кейін, шұрық-тесігі тіпті көбейді. Әрі-бері қатынайтын жүк көліктері де жолды бүлдіріп жатыр. Жөндеу жұмыстары былтыр басталды.  Қазір құрылыс басында 15 арнайы техника мен 30-ға жуық адам жұмыс істеп жүр. Мердігер жолды келесі жылы тапсыруы тиіс. 

Сержан Есалин, учаске басшысы:

- «Холодный ресайклинг» деген әдіс бар. Бұл технология бойынша су, цемент және щебень қосылып, жолдың негізі дайындалады. Оның үстіне екі қабат асфальт төселеді. Қазір осы әдіспен 9 шақырым жолдың жұмысы аяқталды. Биылғы жылға шамамен 72 мың тонна материал дайындалып қойды. Жаңбыр тоқтағаннан кейін цемент қосу жұмыстарын жалғастырып, құрылысты әрі қарай жүргізе береміз.

Өңірдегі облыстық маңыздағы жолдардың ұзындығы 4 мың шақырымнан асады. Биыл оның 219 шақырымы жөнделеді. Әсіресе шалғайдағы ауылдарға апаратын жолдарға басымдық беріліп отыр. Жалпы биыл облыс аумағындағы түрлі деңгейдегі жолдарды жаңғыртуға 73 млрд 400 млн теңге бөлінген. 

Айбек Қайыр, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Қобда ауданы бойынша Бестау-Жарсай автожолының соңғы учаскесі қалып отыр. Сондай-ақ айналма жолдың жұмыстары жүргізіліп отыр. Абат-Байтақ кесенесіне апаратын жол құрылысы да аяқталуға жақын. Қарғалы ауданындағы су қоймасына және халық арасында «Волчий водопад» деп аталатын нысанға баратын жолдың құрылысы да жалғасып жатыр. Бұл жобаларды аяқтауға биыл толық көлемде қаражат қарастырылған. Шалқар бағыты бойынша Шалқар-Базой облыстық маңызы бар автожолында жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда жолдың 95-115 шақырым аралығындағы учаскесі жөнделіп жатыр. Бұл жобаны да толық аяқтауға күш саламыз.

Бұл жобалар өңірдің транзиттік әлеуетімен қатар туризмнің дамуына да септігін тигізеді. Себебі Қасқыр сарқырамасы мен Абат Байтақ кесесені, Үстірт сияқты орындарға жол ашылады. Жалпы биылға жоспарланған нысандар қолданысқа берілгеннен кейін, облыстағы сапалы жолдардың үлесі 85 пайызға жетеді. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz