Яғни жүк тасымалын дамыту үшін екінші ұшу-қону жолағы салынады. Стратегиялық нысандағы құрылыс барысымен Үкімет басшысының бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев танысты.
Сонымен қатар ол ірі өндіріс орындары мен заманауи оңалту орталығында болды. Шымкент әуежайында жүк тасымалын дамыту мақсатында екінші ұшу-қону жолағының құрылысы жүріп жатыр. Стратегиялық нысандағы жұмыстардың аяқ алысын Премьер-министрдің бірінші орынбасары тексерді.
Ролан Ибрагимов, қалалық Жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасының басшысы:
- Аталған ұшу-қону жолағының ұзындығы 3,9 шақырымды құрайды. Ені – 75 метр. Бұл барлық типтегі ұшақтарды қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақ құрылып, көлік-логистикалық орталық кеңейтіледі.
Нұрлыбек Нәлібаев мегаполистің өндірістік әлеуетімен де танысты. Ірі керамика зауыты мен трансформатор шығаратын алып кешенді аралады. Сонымен қатар Президент тапсырмасымен бой көтеріп жатқан 150 орындық оңалту орталығына бас сұқты.
Айдын Нәшенов, Қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- Құрылыстың дайындығы 65-70% шамасында. Оңалту орталығы болғандықтан бассейн, спорт залы бар. Арнайы палаталар бар. Жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Бірінші вице-премьер мен шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков бірқатар жаңа саябақтың ашылуына қатысты. Қала күніне орай күрделі жөндеуден өткен «Сити парк», «Жапон саябағы» және «Эко парк» демалыс орындары ел игілігіне берілді. Ауқымды жұмыс «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында атқарылды.
Жанбота Сапарбекова, қала тұрғыны:
- Соңғы уақытта өте күшті ашылып жатыр. Біздің үй жақта да «Сити парк» ашылған. Өте әдемі. Кірсең, шыққың келмейді.
Мерекелік шара гала-концертпен қорытындыланды. Қала күніне арналған салтанатты кеште отандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов
Тегтер #Шымкент #әуежай #хаб #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz