RU
Толық нұсқаға өту

Қызылорда облысында спиртті ішімдіктен бас тартқан ауылдар көбейді

20.06.2026, 22:29 39

Қазір олардың саны 47-ге жетті. Бұл іске полицейлермен қатар жергілікті дүкен иелері мен ауыл тұрғындары да бір кісідей атсалысып жатыр. 

Мақсат – ел ішіндегі тәртіпті нығайтып, жастарға дұрыс тәрбие беру. Бұл – Қызылорда қаласына қарасты Баймұрат батыр ауылы. Екі мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенде 4 дүкен жұмыс істейді. Бүгінде олардың ешқайсысы арақ-шарап сатпайды. Тәртіп сақшылары бастаған игі істі ауыл ақсақалдары мен аналар кеңесі де қызу қолдап әкеткен. Үлкендердің айтуынша, ішімдік тыйылған жерде береке де, қауіпсіздік те болады.

Темірбек Қазымбеков, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Бізде 200-дің үстінде зейнеткерлер бар қазір. Қазір енді зейнет жасындағы кісілер алкогольді сусыннан аулақ қой. Әсіресе мына жастар мүлде алкогольге жақын емес. Негізі алкогольсіз ауыл атану деген бұл жастарымызға тәрбие беру. Жастарымызды, келешек ұрпағымызға жүрегінде иманы бар балалар тәрбиелеу.

Мамандардың айтуынша, көптеген қылмыс дәл осы ішімдіктің кесірінен болады. Ал ішімдіктен бас тартқан ауылдарда құқықбұзушылық айтарлықтай азайған. Соңғы мәліметтерге сәйкес аймақта тағы 8 ауыл арақ-шараптан біржола бас тартты.

Ердаулет Жаукеев, ОПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы:

- 2026 жылдың қазір алты айы аралығында 90-ның үстінде қылмыс, осы маскүнемдік жасаған қылмыстар қатарының санатында тіркеліп тұр. Сондықтан біз осы қылмыстардың санын азайту, елдің арасында тәртіп орнату, ішімдіксіз елді мекендердің санын көбейту мақсатындағы жұмыстарды біз тоқтатпаймыз, ары қарай жалғастыра береміз.

Бүгінде облыс бойынша «Алкогольсіз ауыл» атанған 47 елді мекенде 50 мыңнан астам халық тұрады. Полиция департаменті бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жандандыра түспек.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Нұржан Мұзарапшин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz