RU
Толық нұсқаға өту

Ана мен бала өмірі басты назарда

21.06.2026, 09:40 40

Бүгін – медицина қызметкерлерінің күні. Айтулы күн маусымның әр жексенбісі атап өтіледі. Елде қызметіне адал адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жандар көп.

Сондай мамандардың бірі Павлодардағы жедел-жәрдем қызметінің акушерлік-гинекологиялық бригадасында жұмыс істейді. Дәрігерлер күн-түн демей, тәулігіне жүздеген шақыртуға шығады. Толғақ қысқан әйелді көліктің ішінде босандырып алатын кездер де болады. Жүкті әйелдерден бөлек, шұғыл гинекологиялық көмекке мұқтаж жандарға көмек береді. 

Акушерлік-гинекологиялық бригада тағы бір шұғыл шақыртуға шықты.  Жедел жәрдем көлігінде босандыруға қажетті жабдықтың бәрі бар. Мамандар қажетті құрал-жабдықты тағы бір тексеріп алады. Себебі  әр шақырту мұқият дайындық пен жоғары жауапкершілікті талап етеді.

Павел Мельник, акушер-гинеколог дәрігер:

- Бізде жүкті әйелдерге үйден тыс жерде де көмек көрсетуге арналған арнайы құрал-жабдықтар бар. Көшеде, көлікте немесе жол үстінде қиын жағдай туындаса, арнайы чемодандар әрдайым дайын тұрады. Қажет болған жағдайда босандыруды үйде де, жедел жәрдем көлігінде де қабылдаймыз. Тіпті басқа ауданнан жеткізу кезінде немесе қала сыртында да қарсы алып, жол үстінде босандыру жағдайы болса, толық көмек көрсетуге мүмкіндік бар.

Бұл жолы жас анаға көмек қажет болды.Дәрігерлер жүкті әйелді білікті мамандардың қолына табыс етті. Жалпы, жедел медициналық жәрдемнің акушерлік-гинекологиялық қызметі – ана мен нәрестенің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды бағыт. Жұмыс барысында түрлі күрделі жағдай болады.  Кей сәттерде дәрігерлерге өте шұғыл әрі нақты шешім қабылдауға тура келеді.

Павел Мельник, акушер-гинеколог дәрігер:

- Менің тәжірибемде өте ерекше жағдай болды. Қаладан 20 шақырым жерде бір әйелді босандырып алдық. Бала теріс келіп, біраз қиындық туындады. Соған қарамастан, салмағы төрт келіден асатын қыз бала дүниеге келді. Ең қызығы – сол ананың өзі де кезінде жедел жәрдем көлігінде туғанын естігенде, қатты таңқалдық.

Елизавета Коробкованың жедел жәрдем қызметінде жұмыс істеп жүргеніне төрт жылға жуық уақыт болған. Бір ауысымда  шамамен 20-30 шақыртуға дейін барады. Әжесінің жолын қуған бойжеткен  акушер мамандығын жүрек қалауымен таңдапты.

Елизавета Коробкова, фельдшер:

- Жүкті әйелді жедел жәрдем көлігінде босандыру – үлкен жауапкершілік. Өйткені біз бір мезетте ана мен нәрестенің өміріне жауап береміз. Сондықтан мұндай сәтте бүкіл бригада бар күш-жігерін салып, кәсіби түрде әрекет етеді. Қажетті көмек уақытында көрсетіліп, ана мен сәби аман-есен ауруханаға жеткізілген кезде ерекше қуаныш сезімін бастан кешіреміз.

Мұндай сәттер акушерлік қызметтің маңызын арттырып, мамандыққа деген жауапкершілікті күшейте түседі. Бұл – өте жауапты жұмыс, өйткені дәл осы қызмет жаңа өмірдің басталуына себепші болады, - дейді мамандар.

Бұл бригада үшін кезекті шақырту аяқталды. Алайда диспетчер пультінде жаңа мекенжайдың шамы жанып үлгерді.  Бұл тағы  бір адамның медициналық көмекке мұқтаж екенін білдіреді. Жедел жәрдем қызметкерлері адам өмірі мен денсаулығын сақтауға аттанды. Олардың  әрбір минуты біреуге үміт, біреуге денсаулық сыйлайды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz