RU
Толық нұсқаға өту

Семейлік хирург 30 жылдан астам уақыт бойы халықтың алғысына бөленіп жүр

21.06.2026, 16:59 57

Семейлік хирург Базар Төлеуовті жергілікті жұрт жақсы біледі.

Білікті маман 32 жылдан бері мыңдаған операция жасап, талай адамның өміріне араша болды. Халықтың алғысына бөленіп, еңбегі еленді. Әріптестерінің айтуынша, операция залы хирургтің екінші үйіне айналғандай.

Базар Төлеуов тәулігіне орта есеппен екі-үш операция жасайды. Осы уақытқа дейін мыңдаған науқасқа көмек көрсеткен дәрігер біліктілігін арттырып, білімін жетілдіріп отырады. Жаңа емдеу әдістерін меңгеріп, заманауи технологияның тілін үйренеді. Себебі үздіксіз дамып жатқан медицина ізденісті талап етеді.

Базар Төлеуов, облыстың штаттан тыс бас хирургі:

- Кез келген дәрігердің жетістігі үнемі білімін жетілдіруде. Бүгінде хирургия қарқынды дамып келеді, жаңа технологиялар мен әдістер енгізіліп жатыр. Сондықтан біз заман талабынан қалмай, сапалы көмек көрсетуге әрдайым дайын болуымыз керек.

Базар Төлеуов 1994 жылы Семей медицина институтын тәмамдап, сол жылы еңбек жолын бастаған. Хирургиядағы алғашқы қадамын профессор Серікжан Ботабаевтың жетекшілігімен жасады. Бүгінде ұстаз бен шәкірт бір ұжымда еңбек етіп жүр.

Серікжан Ботабаев, медицина университеті хирургиялық аурулар кафедрасының профессоры:

- Қазақстанда жыл сайын шамамен 300 мың операция жасалады. Оның 75 пайызы шұғыл хирургиялық көмек. Бұл бағытта табысты жұмыс істеп келеміз. Бүгінде ортамызда білікті жас мамандар көп. Олардың басым бөлігі өз шәкірттеріміз.

Қазір хирургия бөлімінде 35 науқас ем қабылдап жатыр. Біразы шұғыл операциядан кейін оңалтудан өтуде.

Темірлан Ислямов, емделуші:

- Қазір бәрі жақсы, жүріп жүрмін ақырындап. Бағана тұрып, әке-шешем келген. Сол ақырын тұрып жүріп жүрмін. Врачтар барлығы жақсы. Барлығы келіп, айтып, түсіндіріп кетеді.

Ольга Губбе, емделуші:

- Маған өттегі тас ауруы диагнозы қойылды. Дәрігерлер лапароскопиялық ота жасап, тасты алып тастады. Бүгін операциядан кейінгі үшінші күн. Өзімді өте жақсы сезініп тұрмын. Бұл дәрігерлердің кәсібилігінің нәтижесі. Оларға алғысым шексіз.

Абай облысының денсаулық сақтау саласында 10 мыңға жуық медицина қызметкері еңбек етеді. Кәсіби мерекеде көп жылдық еңбегі үшін 171 маман марапатталды. 

Карина Хаберова, Ботакөз Дандыбаева, Медет Өмірханов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz