Абай облысындағы Алакөл жағалауында туристік маусымның ашылуы кең көлемде аталып өтті.
Осыған орай алғаш рет «Алакөл алаулары – 2026» фестивалі ұйымдастырылып, демалушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Қонақтарға Қазақстанның танымал өнер жұлдыздары мен мәдениет қайраткерлерінің қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды.
«Алакөл алаулары» фестивалі Абай облысының жаңа мәдени жобасы. Оның басты мақсаты – өңірдің туристік әлеуетін арттыру, сондай-ақ курорттық аймаққа келушілердің бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру. Мерекелік бағдарлама аясында қазақстандық танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Концертті тамашалауға еліміздің әр өңірінен келген туристермен қатар көршілес мемлекеттерден келген қонақтар да қатысты.
БЛИЦ
- Концерт өте тамаша өтті. Біз мұнда үлкен топ болып келдік. Әндердің мазмұнын аудармашы арқылы түсініп отырдық. Қазақ әндері өте әсерлі екен. Тілдеріңіз де көркем әрі әуезді. Мұндағы адамдардың мейірімділігі мен қонақжайлығы ерекше әсер қалдырды.
- Алакөлге келгеніме бүгін екінші күн. Мұнда бәрі көңілімнен шықты. Оның үстіне дәл бүгін концерт ұйымдастырылғанын көріп, ерекше қуанып қалдым. Танымал әншілерді тамашалап, көтеріңкі көңіл-күйге бөлендік.
- Барлығы өте жоғары деңгейде өтті. Отбасыммен алғаш рет келіп, осындай мерекенің куәсі болғаныма қуаныштымын. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз.
Туристік маусымға дайындық жұмыстары да жан-жақты жүргізілген. Жағалауда киім ауыстыратын кабиналар мен жуынатын орындардан бөлек жаңа санитарлы-гигиеналық нысандар орнатылып, екі жүзден астам бейнебақылау камерасы іске қосылған.
Берік Уәли, Абай облысының әкімі:
- Алакөл деген - бұл біздің табиғаттың алланың берген сыйы. Суы ем, шипалы, осындай туристік аймақ байырғы заманнан бері тарихта аты қалған киелі мекен. Алакөл - бұл біздің Абай облысының мақтанышы. Осындай інжу-маржанды біз бағалауымыз керек, қастерлеуіміз керек және келуші туристерге барлық жағдайды жасауымыз керек.
Айтулы шара мерекелік отшашумен қорытындыланды. Ұйымдастырушылар фестиваль алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізіліп, әр туристік маусымның жарқын бастауына айналады деп, сенім білдіруде.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов
Тегтер #Алакөл #шомылу маусымы #фестиваль #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz