RU
Толық нұсқаға өту

Ақтөбеде жаңа көпір салынды

22.06.2026, 09:15 45

Ақтөбе облысында сең бұзған көпірдің орнына жаңасы тұрғызылды. Ойыл ауданының орталығын байланыстырар жол бойындағы өткел су тасқыны кезінде қираған еді. Сондықтан ескі көпір толық бұзылды.

Екі жыл бұрын болған көктемгі су тасқынына Ойыл өзеніндегі көпір де төтеп бере алмады. Жарты ғасырдан астам елге қызмет еткен өткелді сең соғып қирап қалды. Сол кезде Ойыл ауданына қалқымалы көпір арқылы байланыс орнатылған болатын. Әскери жылжымалы понтон өткелімен гуманитарлық көмек жеткізіліп, ауылмен қарым-қатынас қамтамасыз етілген еді. Кейін жаңа көпірдің құрылысы басталған. 

Владимир Розметов, мердігер компанияның бас директоры:

- Көпірді жобалау кезінде сең қозғалысын, судың ағыны ескерілді. Іргетасы мығым. Қадалар 37 метр тереңдікке дейін қағылған. Бұлар – диаметрі бір жарым метрлік бұрмалы қадалар. Әрбір тіреуішке осындай қаданың 10-ы орнатылған.

Көпірдің ұзындығы 240, ені 11 метр. 8 тірек тұрғызылып, 56 арқалық орнатылды. Екі жолақты автокөлік және жаяу жүргіншілер жолы болады.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Қазір жұмысшылар көпірдің бетіне бетон құйып жатыр. Одан соң асфальт жабындысы төселіп, екі жағына қоршау орнатылып, электр жарығы жүргізіледі.

Қанат Әлбергенов, нысанның техникалық бақылаушысы:

- Сапасына күмәнім жоқ. Неге десеңіз бізде негізгі бетон дайындау ғой. Бізде зауыт тексерістен өтеді. Содан кейін барып саламыз бетонды. Арматура да сапа сертификатымен келіп жатыр. "Н7" дейді енді бұл көтермесі бойынша. Біз қазір "Н11"-мен көтеріп келе жатырмыз. Ол деген 60-40 тонна фураларға еркін өткізе алады.

Ойыл ауылымен байланыстыратын көпірдің құрылысына 3 млрд 400 млн теңге бөлінген. Қаражат төтенше жағдайлар резервінен. Құрылысшылар шілде айында көлік қатынасын ашуды көздеп отыр. Ал тамызда толығымен қолданысқа беріледі.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz