RU
Толық нұсқаға өту

Сәтбаевта қуаты 4,9 МВт болатын күн электр станциясының құрылысы жүріп жатыр

22.06.2026, 10:00 45

"Бұл шағын шаһардың энергетикалық қауіпсіздігін арттырып, ауаға тарайтын көмірқышқыл газының көлемін бірнеше мың тоннаға азайтуға мүмкіндік береді", - дейді мамандар. Кейінгі жылдары өңірде баламалы энергия көздерін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Салаға соңғы үш жылдың көлемінде 25 миллиард теңге инвестиция тартылды. 

Күннен қуат өндіретін шағын станция Сәтбаев іргесіндегі өндірістік аумақта салынып жатыр. Жоба инвестициялық қаржы есебінен 750 млн теңгеге жүзеге асады. Сәуір айында басталған құрылыс жұмыстарының 70 пайызы аяқталды. Мамандар: "Нысан қаланың энергетикалық әлеуетін арттырып  қоймай, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосады", - дейді.

Төленді Балықбай, Сәтбаев қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Бұл бірінші кезекте ауадағы көмірқышқыл газын 7,2 мың тоннаға азайтуға әсерін тигізеді. Осы сәтбаев қаласында жаңартылған энергия көздері бағытында жүргізіліп жатқан алғашқы инвестициялық жоба. Аяқталу, қолданысқа беру мерзімі 2026 жылдың желтоқсан айы. Сәтбаев қаласына әлеуметтік әсерін айтатын болсақ, бірінші кезекте құйылатын инвестиция көлемі, жаңа жұмыс орындары.

Күн электр станциясы Сәтбаевтағы көпқабатты үйлердің төрттен бірін энергиямен қамтуға қауқарлы. Жалпы өңірде соңғы үш жылда баламалы энергия көздерін дамытуға 25 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Қазір Жезқазғандағы заманауи жел генераторлары жылына шамамен 330 млн килоВатт электр энергиясын өндіреді. Ауқымды жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық ынтымақтастық аясында салынған.

 Дәулет Кенжетаев, Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Жалпы облыс аумағында 1 жел электр станциясы және 1 күн электр станциясы жұмыс істеуде. Қазіргі таңда тағы біреуі салынуда. Жалпы алғанда іске асырылып жатқан энергетикалық жобалар өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және жаңадан жұмыс орнын құруға елеулі үлесін қосады.

Баламалы энергия өндіретін нысандар атмосфераға шығарылатын көмірқышқыл газының көлемін жылына 300 мың тоннаға азайтпақ. Мамандар бұл көрсеткішті әлі де ұлғайту қажеттігін айтады. Ол үшін облыс әкімдігі инвесторлармен бірлесіп қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Осының нәтижесінде Ұлытау  жаңартылатын энергия көзін өндіру бойынша республикада жетекші өңірлердің біріне айналады.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшахира Серекбаева

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz