RU
Толық нұсқаға өту

Павлодарда аптап ыстықтың беті қайтпай тұр

22.06.2026, 20:00 40

Павлодар облысында бірнеше аптадан бері аптап ыстық. Сынап бағаны 35 градустан төмен түсер емес. Осы кезеңде өңірдегі су айдындарында жазатайым оқиғалар саны артқан.

Қайғылы жағдайлардың себептері қандай? Тұрғындар қауіпсіздік шараларын сақтау үшін не істеуі керек? 

Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері Павлодар облысында ауа температурасы рекордтық деңгейге дейін көтеріліп, +41 градусқа жетпек. Аптап ыстықтан қорғанған мыңдаған тұрғын су айдындарына ағылуда. Бұл қалалық жағажай – суға түсуге ресми түрде рұқсат етілген санаулы орындардың бірі. Мұнда су түбі тексерілген, медицина қызметкерлері кезекшілік етеді және құтқару бекеттері қойылған. Алайда павлодарлықтардың бір бөлігі қауіпсіздік талаптарын елемей, рұқсат етілмеген жағажайларға барады. Өкінішке қарай мұндай демалыс көбіне қайғылы жағдайларға әкеліп жатады.

Өткен демалыс күндері Павлодар облысының жедел жәрдем қызметіне судағы жазатайым оқиғаларға байланысты үш шақырту түскен. Зардап шеккендердің бірі ауруханаға жеткізілгеннен кейін қайтыс болды. Мамандар шомылу маусымы басталғалы судағы төтенше жағдайларға қатысты шақыртулар саны көбейгенін айтып дабыл қақты.

Ирина Мищенко, облыстық Жедел медициналық жәрдем бекеті басшысының орынбасары:

- Тұрғындардың жабдықталмаған және шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде суға түсуі бізді қатты алаңдатып отыр. Статистикаға сүйенсек, суға кету оқиғаларының саны артқан. Өткен жылдың осы кезеңінде бес оқиға тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш тоғызға жетті. Былтыр суға кеткендердің үшеуі бала болса, биыл төрт бала суға кетіп, қайғылы жағдайлардың саны көбейген.

Аптап ыстықта қала тұрғындары Ертіс өзенінің жағасына ағылады. Шаңқай түсте орталық жағажай адамға лық толы.

Ауа райына байланысты су айдындарында бақылау күшейтілді. Мамандардың айтуынша, рұқсат етілген жағажайларда жағдай тұрақты. Алайда демалушылардың бір бөлігі түбі зерттелмеген әрі ағысы қатты жерлерде шомылуды жөн көреді. Сондай-ақ көпшілік белсенді демалыс кезінде алкогольдік ішімдік тұтынудың адам өміріне төндіретін қаупін ескере бермейді.

Тілекжан Галямов, облыстық ТЖД басқармасының бастығы:

- Қазіргі таңда күн райының ысуына байланысты біз күшейтілген режимге көшіп жатырмыз. Сондықтан да барлық қала тұрғындарына, қонақтарға су қоймаларында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаған жөн. Өйткені қазіргі таңда күн райының ысуына байланысты көпшілік біздің қонақтарымыз, жерлестеріміз су айдындарына барып шомылып жатыр. Осыған байланысты бірінші енді кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдыруға болмайды, тыйым салынған. Екіншіден тек рұқсат етілген жерлерде ғана шомылуға рұқсат етілген.

Төтенше жағдайлар қызметі полициямен бірлесіп, шомылу маусымы басталған қысқа мерзімде 130 рейд өткізген. Нәтижесінде қауіпсіздік ережелерін бұзған сексенге жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Облыс аумағында 45 жағажай жұмыс істейді. Оның 29-ы коммуналдық, 16-сы жекеменшік жағажайлар. Соған қарамастан рұқсат етілмеген жерлерде суға түсетіндер саны азаяр емес.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz