RU
Толық нұсқаға өту

Қарнақта өрт сөндіру бекеті ашылды

22.06.2026, 20:20 42

Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді.

Жаңа нысан заманауи өрт сөндіру техникаларымен жабдықталған. Енді шалғай ауылдардағы өрт қауіпсіздігін сақтап, төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік бар,-дейді мамандар. 

Кентау қаласынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан Қарнақ ауылында бүгінде 4 мыңға жуық түтін, 9 мыңнан аса халық тұрады. Дені ауыл және егін шаруашылығымен айналысады. Бұрын тілсіз жау тұтанса, ауыл халқы Кентаудан келетін көмекті күтуге мәжбүр болатын. Өрт кезінде адам тағдыры үшін әр секунд маңызды. Сондықтан жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылғанын ауыл тұрғындары қуанышпен қабылдады. Әрі ауыл азаматтары ерікті ретінде жұмыспен қамтылады.

Валерий Елеусізов, ауыл тұрғыны:

- Кентаудан Атабай мен Қарнаққа дейін жетем дегенше біраз уақыт өтеді. Бұл жер жақын. Қарнақ жан-жағынан үлкейіп жатыр. Қанша адам өрт сөндіру көлігі кеш келгені үшін өрттен зардап шегіп жатыр. Сол себептен өте қажетті нәрсе деп есептеймін.

Өрт сөндіру бекеті Қарнақ ауылындағы ең биік жерде орналасқан. Себебі өрт шыққан жағдайда бірден байқап, әрекет етуге ыңғайлы дейді мамандар. Жаңа нысан тек Қарнақ ауылын ғана емес, көршілес жатқан ауылдарға да қол ұшын созуға әзір. Бұл бекет «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында Кентау қаласына қарасты ауылдарда ашылған екінші нысан.

Болысбек Шәріпбеков, Кентау қаласы әкімінің орынбасары:

- Бірінші нысанымыз Ащысай ауылында ашылған болса, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында бұл екінші нысанымыз. Бұрын өрт болған кезде Кентау қаласынан келіп, өрт сөндіретін. Қазір енді біз уақытты да тиімді пайдаланып, осы ғимаратта отыратын біздің құтқарушыларымыз ауыл маңайында, одан бөлек Сауран ауданына қарасты шекаралас орналасқан Шекербұлақ, Жүйнек ауылдарында да өрт болса, оларға көмекке баруға біздің мүмкіндігіміз бар.

Шалғайдағы ағайынның қауіпсіздігін күшейту Төтенше жағдайлар министрлігінің басты назарында. Сондықтан бұл бекетте жергілікті тұрғындардан ерікті ретінде жасақталған 10 құтқарушы мен 2 өрт сөндіру техникасы енді ауылдың тыныштығын тәулік бойы күзетеді.

Бағдат Чайзада, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

- Біз бұл жерде жұмыс істейтін еріктілерді өрт сөндіру техникасы мен тактикасына үйретеміз. Өрт сөндіру техникасын бердік. Сору және өрт сөндіру құралдары жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар бір жолталғамайтын жеңіл көлік бердік. Осы ауылға жақын орналасқан ауылдарға да бұл өте тиімді. Төтенше жағдай айтып келмейді. Сондықтан дер кезінде әрекет етіп, алдын алып, жою жұмыстарын жүргізу үшін өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуді нығайтып жатырмыз.

Жыл басынан бері Түркістан облысы аумағында 141 өрт оқиғасы тіркелді. Ал бүгінге дейін «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында өңірде 11 өрт сөндіру бекеті ашылды. Жыл соңына дейін тағы 30-ын іске қосу жоспарланып отыр. Жалпы осы бағдарлама шеңберінде еліміз бойынша 200-ден астам жаңа нысан пайдалануға берілген. Мамандар енді қысыл-таяң шақта «көмек кешігіп жетеді» деп алаңдауға еш негіз жоқ екенін айтады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz