RU
Толық нұсқаға өту

Balkhash Tour Fest – басты туристік мереке

22.06.2026, 21:40 31

Төртінші жыл қатарынан өткізіліп отырған Balkash Tour Fest туристік фестиваліне биыл тағы да ондаған мың қонақ жиналды.

Дәстүрлі шарада бас қосқандар дрондар шоуын тамашалап, Қазақстандағы ең үлкен қазыбургерден дәм татты. Эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, жүздеген адам жүзу жарысына қатысты. 

Спорттық сайыстар, ұлттық тағамдар, танымал өнер ұжымдарының концерттері. Әуелеген ән мен күмбірлеген күйге бөленген Балқаш жағалауы бұл жолы да демалушыларға ерекше көңіл-күй сыйлады. Қазақтың төл тағамы қазыдан жасалған 86 келі 400 грамм бургер Қазақстанның рекордтар кітабына енді. Көпшілік тіл үйірер тағамдардан дәм татып, көңіл көтерсе, туризммен айналысатын кәсіпкер қауым өздерінің жоспарларын пысықтап, жаңа жобаларын таныстырды. Биыл шараға 11 елден қонақтар келді.

Ирина Любарская, облыстық Туризм басқармасының басшысы:

- Біздің мақсатымыз – өңіріміздің туристік әлеуетін паш етіп, насихаттау. Жыл сайын фестивальға қатысушылар саны артып келеді. Бұл бизнес өкілдерінің саланың болашағына деген сенімін нығайтып, инвестиция көлемін көбейтуге көмектесері сөзсіз.

Кешкісін Балқаш көгінде тұңғыш рет ауқымды дрондар шоуы өтті. Бес жүзге тарта ұшу қондырғылары аспанда еліміздің қасиетті жәдігерлері мен табиғат кереметтерін бейнеледі. Елдің түкпір-түкпірінен келген үш жүз жүзгіштің қатысуымен өткен сайыс та демалушыларға ерекше әсер қалдырды. Фестивальға жеті елден келген еріктілер де қатысты.

Еламан Жүсіпов, ерікті:

- Балқашта жыл сайын халықаралық фестиваль өтетінін естіп, арнайы келдік. Табиғат жанашыры болғандықтан біздің экологиялық және туристік жобаларға қызығушылығымыз мол. Шара аясында басқа елдердегі мүдделестерімізбен пікір бөлісіп, тәжірибе алмасамыз.

Той дүрбелеңі басылғанмен, Балқаштағы концерттер мен би кештері, көрмелер мен отбасылық мерекелер жаз бойы жалғаса бермек. Көл жағалауын бойлай орналасқан туристік нысандар қонақтарды әрдайым ыстық ықыласпен қарсы алуға дайын.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Аман Хамит

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz