Жылдың алғашқы үш айында-ақ елдегі қонақ үйлерге 2 млн-нан астам турист келген.
Жазда тіптен көбейе түседі. Қазақстанның туристік әлеуеті халықаралық рейтингте де жоғарылады. Яғни 5 жылда 28 сатыға көтерілген. Әрине шетелдіктер ғана емес, өз ішімізде қазақстандықтар да саяхаттайды. Алды қазірдің өзінде жағажайда жатыр. Жалпы биыл кім қайда барғысы келеді? Кімге не ұнайды? Туризмнің аяқалысы қалай?
Былтыр туризмнен бюджетке 630 млрд теңге түсті. 84 мемлекетпен визасыз режим бойынша келісім жасалған. Яғни туристер біздің елде бір ай бойы демала алады. Бұған тікелей рейстердің пайда болуы да оң ықпалын тигізіп жатыр. Ал шетелдік меймандар елге 2,9 млрд доллар алып келген. Осындай пайда өсім беру үшін ел ішіндегі саяхатты жаңғыртуға көңіл бөлінеді. Қазір қонақ үйлерге келген ішкі туристер саны шамамен 4 пайыз өскен. Ал оларды қабылдайтын қонақүйлер саны 4 жарым мыңнан асты. Бұл орындарда 31 мыңнан аса адам еңбек етеді. Жалпы туризм саласында 600 мыңнан аса адам жұмыс істейді.
Туристік бағыттарға жету жеңілдеді
Осы маусымнан бастап елде туристік бағыттарға жету жеңілдеді. Көлік министрлігі 15 қосымша теміржол маршрутын ұйымдастырған. Бұлар өткен аптада іске қосылды. Енді Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Семей, Өскемен, Қызылорда, Павлодар және Балқаш пен Достық сияқты туристік және курорттық аймақтарға қатынап жүр. Жазда пойыздарда 550 мыңға жуық қосымша орын жасақталады, яғни вагондардың саны артады. Әуе қатынасы да назарда. Тамызға дейін Астана мен Алматыдан Балқаш, Үржар және Үшаралға рейстер ұйымдастырылып жатыр. Олар аптасына жеті рет ұшады. Ал билетті 16-20 мың теңгеге алуға болады.
Елде жағажай туризміне сұраныс көп
Расында ел ішіндегі туризм өркен жайып келеді. Халық арасында жағажайдағы демалыс сұранысқа ие. Экстримді де ұнататындар өте көп. Туристерге авторлық, сондай-ақ гастрономия турлары ұсынылады. Туристік аймақтар елдің әр түкіпірінде жетерлік.
Рашида Шайкенова, туризм қауымдастығының директоры:
- Алакөл, Балқаш көлдері отбасылық демалыс үшін таптырмайтын орын. Бурабайдағы демалысты көбі қымбатсынады. Бірақ бағаны шетелмен салыстырғанда, бір нәрсені ескеру керек. Түркиядағы демалыс үшін сіз пакет аласыз. Оған әуе жолы, тұру орыны, тамақтану, гид қызметі, бәрі кіреді. Бұл маркетинг қадамы. Ал Қазақстан ішінде саяхаттасаңыз, ол бірнеше қызметтерден тұрады. Бұл көлік логистикасы, қонақ үй ақысы, таңғы ас бөлек-бөлек есептеледі. Барлық қызметті қатар көрсететін қонақ үй бізде көп емес.
Жазғы демалысын жоспарлайтындар көп
Қазақстандықтардың көбі әуел бастан жазғы демалысын жоспарлап қойған. Бұған hh.kz платформасы жүргізген сауалнама нәтижесі дәлел. 150 респонденттің жартысына жуығы жазда қайда демалатынын жақсы біледі. Көбі шекара асуды көздеп отыр. Ал сұралғандардың 20 пайыздан астамы демалысты басқа мерзімге қалдырған. Өйткені қазақстандықтар жалғыз демалудан гөрі отбасымен уақыт өткізуді қалайды. Жұмыс жүктемесін де ескереді. Себебі демалысты жұмыспен ұштастыратындар бар. Әйтсе де work-life balance тенденциясы қалыптасып келеді. Яғни азаматтар жұмыс пен жеке өмірдің аражігін ажыратуды үйреніп жатыр дейді мамандар.
Еңбек демалысын:
Жоспарлағандар — 47%
Шетелде өткізетіндер — 34%
Отбасына қолайлы уақыт іздейтіндер — 58%
Жаңа әсер мен эмоцияны көздейтіндер — 64%
Мұхамед Бағдатұлы, Headhunter Орталық Азиядағы маркетинг және PR менеджері:
- Уақыт өте келе адамдар өздерінің демалысын жоғары бағалайды екен. Бұрын басқалай жоспарлайтын, қазір қарбалас тіршілік, яғни демалыстың қадірін түсініп жатыр. Оған көбіне жаңа буын келіп жатыр, зумерлер. Осы жаңа буын өкілдері өздерінің жеке өмірін, демалысын әсіресе жоғары бағалайды.
Демалыс уақытын таңдағанда азаматтар отбасы мүддесін, жұмыс жүктемесін және демалыс шығынын ескереді. Дегенмен саяхаттан жаңа әсер алып, күш-қуатты қалпына келтіруді басты міндет ету керек. Өйткені еңбек демалысы өзіңізге бір сәт көңіл бөліп, серігу екенін ұмытпаңыз.
Тегтер #бұл нарық #Таңдаулы #салық #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz