RU
Толық нұсқаға өту

Павлодарда салт атты полиция қызмет етеді

23.06.2026, 07:43 42

Жасақтың құрылғанына жеті жылдан асты.

Бұлар бау-бақша серіктестіктерін жылда сәуір айынан бастап күзетуге кіріседі. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін патруль қызметіне жаз-күз айларында сұраныс тіптен арта түседі.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Жылқы малы адамзаттың сенімді серігі ретінде ғасырлар бойы маңызын жоғалтқан емес. Мінсе көлік, сүті сусын, еті азық. Сонымен қатар оның ауыл шаруашылығындағы ролі де ерекше. Бүгінде жылқы тек шаруашылықта ғана емес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде де қолданылады. Мәселен, полицияның атты жасағы саяжай аумақтарын күзетіп, құқық бұзушылықтың алдын алуға атсалысып келеді.

Атты полиция жасағындағы жылқыларды құқық қорғау қызметінің толық мүшесі деуге болады. Олар полиция қызметкерлері сияқты арнайы дайындықтан өтеді. Қаланың қарбалас тіршілігі мен көлік шуынан қорықпайды.

Елжас Қалиев, қалалық ПБ атты жасақ командирінің орынбасары:

- Біз атты жасақ көмегімен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз. Саяжай маусымы қызған шақта тұрғындардың мүлкін, бау-бақшаларын күзетеміз. Жаяу немесе көлікпен жету қиын жерлерге атпен өтеміз. Біз үшін атты жасақтың тиімділігі өте зор. 

Инспекторлар 15 атпен саяжай аумақтарын патрульдеуге шығады. Жылқылардың күтіміне өздері жауап береді. Қызмет таңғы сағат 9-да басталады. Әуелі жылқыларға жем-шөп беріліп, ерттеліп, қызметке дайындалады. Содан кейін инспекторлар оңтүстік саяжай аумағын толық аралап шығады. Атты жасақ инспекторы Аманғали Ордабектің бұл қызметте жүргеніне екі жылдан асқан. Атқа мықты ауыл баласы үшін бұл жұмыстың еш қиындығы жоқ.

Аманғали Ордабек, қалалық ПБ атты жасақ инспекторы: 

- Саяжайларда арықтар, су өтетін арықтар көп. Онда машина өте алмайды, өту үшін басқа жерден айналып келу керек. Ал атпен жедел арықтардан өтіп, тез жетеміз. Әрине тек тыныштықты күзету емес бізде, мында наркокурьерлер де өте көп. Бір-екі сондай жағдайлар болған наркокурьерлердің алдын кестік. Сондай-ақ мына саяжайда иелерінің заттары жоғалған, соларға қараймыз.

Қоғамдық тәртіпті сақтау мен құқық бұзушылықтың алдын алуда атты жасақтың маңызы зор. Атты полицейлер қызметінің арқасында саяжай аумақтарында ұрлық азайған.

Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz