Ер ерлігі - ел есінде..
Жедел әрекет ететін арнайы жасақтың инспекторы Ертай Қанафиннің ерлігін жергілікті жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Ол бірнеше отбасын өртенген үйден аман алып шықты. Ал оның әріптесі Бекзат Қайдаров суға батқан адамды құтқарып қалды. Сын сағатта полицейлер құтқарушы да болады, өрт те сөндіреді.
Арнайы мақсаттағы жасақ инспекторы Ертай Қанафин жұмысқа бара жатқанда көп қабатты тұрғын үйден шыққан түтінді байқап, дереу көмекке ұмтылады. Құтқарушылар келгенше тұрғындарды қауіпсіз жерге шығаруға атсалысты. Жедел әрекеттің арқасында бірнеше отбасын аман алып қалды.
Ертай Қанафин, арнайы мақсаттағы жасақтың инспекторы:
- Подьезд арқылы кіріп бүкіл тұрғындарды оятып өрт сөндіру экипажы келгенше тұрғындарды эвакуациялап далаға алып шықтым. Қаншама қызмет бар жер бетінде, адам болып қалу ең қиыны дейді ғой. Сондықтан барлық қызметкерлерге адалдық тілеймін. Өздерінің жұмысына адамгершілікпен қарауын тілеймін. Әр нәрсені көзден таса қылмай жауапкершілікпен қарауды тілеймін.
Арнайы мақсаттағы жасақта бес жылдан бері қызмет ететін Бекзат Қайдаров Алакөлде суға батқан 18 жастағы жігітті құтқарып қалды. Кейін жедел жәрдем жеткенше алғашқы медициналық көмек көрсетті. Қазір жігіттің жағдайы жақсы.
Бекзат Қайдаров, арнайы мақсаттағы жасақтың аға инспекторы:
- Бала бетімен жатыр екен судың түбінде. Алдым да судың түбінен белінен ұстадым да жоғары қарай ытқып секіріп шығып кетемін деп ойлағанмын. Шыға алмай қалдым. Тартынып, тартынып. Балаға қараймын, оны жіберсем оның бәрі уақыт деп ойладым. Өліп кетеме деп қорықтым. Сөйтіп, судың бетіне алып шықтым әрең дегенде.
Облыста қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін 3 мыңға жуық тәртіп сақшысы бар. Олар күн сайын заң бұзушылықтың алдын алып, тыныштық пен тұрақтылықты сақтау жолында қызмет етеді.
Абылай Нұрымов, облыстық ПД бастығының орынбасары:
- Біз өз кейіпкерлерімізді - батыл істерімен ерекшеленетін, қызметтік міндетін абыроймен атқаратын, спортта жоғары нәтижелерге қол жеткізетін және өз еңбегімен қоғамның полицияға деген сенімін нығайтып жүрген жандарды мақтан тұтамыз. Полиция күні қарсаңында барлық жеке құрамға және ішкі істер органдарының ардагерлеріне антқа адалдығы, кәсібилігі мен өз ісіне берілгендігі үшін алғысымды білдіремін.
Бұл оқиғалар полиция үшін адам өмірі ең басты құндылық екенінің дәлелі. Қауіп төнген сәтте тайсалмай әрекет ету, кәсіби борышын адал атқару олардың бұлжымас міндеті.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов
Тегтер #арнайы жасақ #полиция қызметкері #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz