RU
Толық нұсқаға өту

Экологиялық қылмыс саласында 174 құқық бұзушылық тіркелді

23.06.2026, 19:20 34

Жыл басынан бері елдегі экологиялық қылмыс саласында 170-тен астам құқық бұзушылық тіркелді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 19,8 пайызға төмен.

Бұзушылықтардың басым бөлігі балық ресурстары мен өсімдік өндіруге, заңсыз аң аулауға және жер қойнауын өз бетінше пайдалануға тиесілі. Алайда мұндай дерек азайғынмен, келтірілген қаржылай шығын едәуір артқан. Дәлірек айтсақ, залал көлемі 3 миллиард теңгеге жетіп отыр. Салада ірі кәсіпорындардың табиғатқа келтіретін зардабы да жоқ емес. Олай болса қоршаған ортаны ластанудан қалай сақтаймыз? Олқылықтардың алдын алуда қайтпек керек?

Әлбетте қоршаған ортаға, оның ресурстарына, халықтың эко-қауіпсіздігіне қол сұғуға ешкімнің хақы жоқ. Ал қылмыстық әрекеттерге жол бергендер заң алдында жауап беруге міндетті.

Экологияға зиян келтіргендер айыппұл арқалайды

Елдегі ауа сапасы қатаң бақыланады. Қоршаған ортаға зиян келтіргендерге айыппұл қарастырылған. Ауаға лас заттарды шектен тыс шығарған кәсіпорындар да жауапкершіліктен қаша алмайды. Мәселен, 2023 жылы экологиялық инспекторлар нысандарға 600-ден астам тексеру жүргізіп, 1,5 мынан астам бұзушылықты анықтаған. Нәтижесінде кәсіпорындарға 13 миллиард теңге айыппұл салынды. Кейінгі жылы жоспардан тыс бақылауды қоса алғанда, бір мыңнан астам тексеріс жүргізілді. Оның аясында да бұзушылықтар анықталып, тиісті нысандар 87 миллиард теңгеге жуық айыппұл арқалады. Ал былтырғы 8 айда 2 мыңға жуық жағдай тіркеліп, кәсіпорындардан 4 миллиард теңге өндірілді.

2023 жылы – 652 тексеру – 1679 бұзушылық – ₸13 млрд айыппұл

2024 жылы – 1080 тексеру – 2888 бұзушылық – ₸87,9 млрд айыппұл

2025 жылы қаңтар-тамыз – 690 тексеру – 1937 бұзушылық – ₸4 млрд

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі:

- Бұл әкімшілік айыппұлдар республика аумағында орналасқан ірі компанияларға салынған. Олардың арасында мұнай компаниялары, мұнай-газ өндіру, сонымен қатар түрлі кәсіпорындар бар. Оларға қатысты тексеру барысында анықталған заң бұзушылықтар бойынша әкімшілік айыппұлдар салынған. Бұл негізінен экологиялық рұқсатсыз жұмыс істеуге қатысты салынған айыппұлдар. Бұдан өзге сот органдарына экологиялық рұқсатсыз жұмыс істеуіне байланысты кәсіпорынның қызметін тоқтату бойынша талап-арыз беруге құқылымыз.

Қайталама ресурстарды басқаратын агенттік құру ұсынылды

Табиғат жанашырлары қоқыстан пайда болатын химиялық қалдықтар – ауа мен суды ластап, топырақты тоздыратынын айтады. Елде қалдықтарды азайту мен қайта өңдеудің әртүрлі шешу жолдары да қарастырылып жатыр. Жыл сайын шамамен 5 миллион тонна коммуналдық қалдық түзіледі. Былтыр қайта өңдеу деңгейі небәрі 30 пайызға жуықтады. Нәтижесінде 3 милион тоннадан астам құнды материал полигондарға кеткен. Бірақ мәселенің шешімі бар. Ол үшін Қайталама ресурстарды басқару жөніндегі жаңа агенттік құру керек, - дейді сарапшылар.

Владимир Мартель, эколог:

- Бүгінде Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мамандары қалдықтармен, ал экологогтар полигондар мәселесін шешумен айналысады. Егер арнайы салалық агенттік құрылса, онда ол барлық ресурстарды қадағалайтын болады. Яғни ол экономиканың тағы бір саласына айналуы мүмкін. Шынтуайтында, қайталама ресурсты басқару маңызды. Бір ғана пластиктен бірнеше жаңа өнімдер алуға болады. Мәселен, бұған дейін пайдаланылған резеңкеден тұрмыстық заттар жасауға мүмкіндік бар.

Экологиялық сала толық цифрландырылады

Елде экологиялық ақпараттарды қамтитын Бірыңғай ұлттық деректер банкі қалыптасып, сала толық цифрландырылады. Ал экологиялық жобаларды қаржыландырудың тиімділігі едәуір артады. Тиісті заңды өткен аптада Сенат депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану мен қалдықтарды басқару жүйесіне де баса мән берілген. Енді заңсыз қоқыс орындарын жою өкілеттіктері жергілікті атқарушы органдарға беріледі. Бұдан бөлек, заңда қайта өңделген шикізатты пайдаланатын өндірушілерді ынталандыру шаралары қарастырылған.

Сұлтан Дүйсембинов ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің алдына экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және «жасыл» экономиканы дамыту жөнінде маңызды міндеттер қойды. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін экологиялық заңнаманы жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу, экологиялық бақылауды күшейту және қоршаған ортаны қорғаудың экономикалық тетіктерін дамыту қажет.

Экология мәселелері қазір жаһанды алаңдатып отырғаны мәлім. Ауқымды тақырып Астанада өткен РЕС-2026 өңірлік экологиялық саммитте де көтерілді. Планетаны қорғауға жауапкершілікпен қарайтынын тағы бір мәлімдеу үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Өзбекстан, Қырғызстан, Армения секілді бірқатар елдің басшылары елімізге келіп, шараға қатысқан еді. Жер, су және климаттың маңызы сөз болған алаңда Орталық Азия елдері эко-білім берудің бірыңғай стандартын әзірлеу мен ынтымақтастықты нығайту туралы ортақ келісімге келді. Сондай-ақ құны 2 миллиард теңгеден асатын инвест жобаларды іске асыру жайында келісім жасады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz