Елде 5 млн 994 мың 951 автокөлік тіркелді. 1 маусымдағы деректі Ұлттық статистика бюросы жариялады.
Қазақстандықтар тізгіндеген темір тұлпар саны бір жылда екі жарым есеге артты. Автопарктің басым бөлігін, яғни, 84%-ын жеңіл көліктер құрайды. Мамандар автосервис саласына сұраныс күрт артқанын байқап отыр. Техникалық қызмет көрсету орталықтарын дамытудың әлеуеті зор. Былтыр сала 400 млрд теңгеге табыс тапқан.
Бүгінде Қазақстан жолдарында 6 млн көлік жүйткіп жүр. Оның 730 мыңға жуығы Алматы қаласында тіркелген. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ қалалар арасында Астана мен Шымкент көп бастап тұр. Сарапшылар автонарық жаңа қарқынмен дамуда, - дейді. Былтыр елде 235 мың жаңа жеңіл көлік сатылды. Бір жылдық өсім 14,4%-ға жетті. Биылғы 5 айда қазақстандықтар 84 002 автокөлік сатып алды. Автонарық тұтынушыға әр түрлі деңгейдегі сан алуан үлгідегі көлікті қолма-қол ақшаға немесе несие шарттарымен ұсынып отыр.
Анар Макашева, «Қазақстанның автокөлік одағы» ЗТБ президенті:
- Брендтер арасындағы жоғары бәсекелестік қазақстандықтарға таңдау мүмкіндігін кеңейтіп, компанияларды даму мен сервисті жақсартуға ынталандырады. Әсіресе өндірісі қазақстандық кәсіпорындарда жолға қойылған қытайлық брендтердің өсімі айқын байқалады. Бұл сатып алушылардың отандық кәсіпорындарға сенім артатынын көрсетеді.
Иә, «Іздегенге-сұраған» бар. Автосалон жағалаған ағайын мамыр айында 18 393 жаңа көлік сатып алды. Оның ішінде қазақстандықтар ең көп таңдау жасаған маркалар бар. Бірінші орында - Hyundai, екінші орында - Chevrolet. Одан кейін Changan көлігінің сатылымы 17,5%-ға өскен. Таңдаулы топ бестікке Kia мен Chery кіреді.
Мамыр 2026
18 393 жаңа автокөлік сатылды
ТОП 5
Hyundai - 2 899 бірлік
Chevrolet - 2 339 бірлік
Changan - 1 793 бірлік
Kia - 1 505 бірлік
Chery - 1 501 бірлік
Автопарктің ұлғаюы сервистік қызметтерге сұранысты арттырды. Бір нысанға 732 көліктен келеді, - дейді мамандар. Былтыр техникалық қызмет көрсету орталықтарының табысы 293 млрд теңгеден 400 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл қатарға көлік дөңгелегін, қаңқасын жөндеу цехтарынан бастап, диагностика, ритейл орталықтары кіреді.
Бейбарыс Аубакиров, Экономикалық зерттеулер институты бәсекелестік ортаны зерттеу орталығының аға сарапшысы:
- Автокөлік қызметі саласы ШОБ үшін әлеуеті жоғары бағыт болып қала береді. 2025 жылы техникалық күтім мен жөндеу қызметінің көлемі шамамен 400 млрд теңге болды, бұл 2024-пен салыстырсақ 36,6%-ға көп. Ел ішінде жасалған көлік үлесін де бөлек атап өту керек. Өткен жылдың желтоқсанында сатылған жаңа көліктің оннан сегізі Қазақстанда жасалған. Бұл ішкі экономикаға жақсы әсер етеді.
Көлік санының артуы кез-келген ірі қаланың тынысына тікелей әсер етеді. Елордалық автожүргізушілер кейінгі жылдары орталық көшелермен қатар, жаңа аудандарында кептеліс бұрынғыдан қалыңдағанын атап өтті. Көлік нөпіріне жыл сайын артқан халық санымен қатар, әсіресе жаз уақытында келіп-кетуші қала қонақтары ағынының ықпалы бар, - дейді.
Абдулхамит Бөлекбаев, автожүргізуші:
- Мәңгілік ел көшесінде бағдаршам көп болғаннан кейін ба қазір көп көшеде кептеліс. Мысалы, Қабанбай батыр, өйткені Қосшы жақтан келетін халық бар. Жағалау жақ халық тығыз орналасқан соң кептеліс көп бола бастады. Құрылыс көліктері көп жүреді. Қазақ болған соң қонақтар келеді, көлігімен көбінесе ар жағы Бурабайға барады.
Айтпақшы, елімізде 2030 жылға қарай республикалық маңызы бар тас жолдарда 250 сервис стансасы салынады. Оның 50-і биыл пайдалануға беріледі. Жаңа нысандарда сауда және қызмет көрсету, электрлі көліктерді қуаттау орындары мен заманауи көпфункционалды кешендер пайда болады. Бұл бағытқа Үкімет 180 млрд теңге инвестиция тартпақ.
Авторы: Рухани Әбдірахман
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #автокөлік #кептеліс #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz