Былтыр Жамбыл облысында қызметтік иттер 70-ке жуық қылмыстың бетін ашып, 300 келіден астам есірткіні тәркілеуге көмектесті. Бұл иісшіл иттер арнайы кинологиялық орталықта дайындалады.
Иіс сезу қабілеті, жылдам реакция және адалдық – бұл қызметтік иттердің басты артықшылығы. Облыстық полиция департаментінің кинологиялық орталығында 40-тан астам ит бар. Олар адам ізімен жүруді және есірткі мен жарылғыш заттарды табуды меңгерген.
Дәурен Бұралхиев, Жамбыл облысы ПД Кинологиялық қызмет орталығының бастығы:
- Жыл басынан бері Кинология қызметінің орталығында иттің көмегімен 42 қылмыс ашылды: оның ішінде есірткі заты бойынша 18, із кесу бойынша 8 қылмыс ашылды.
Иттер 3 айға толған кезінен үйретіле бастайды. Әрбір қызметтік ит арнайы дайындықтан өтеді. 1,5 жасында олар есірткі мен жарылғыш заттарды іздеуге қабілетті болады. Кинологиялық қызмет ардагері Иван Гавришевтің айтуынша, әр итке жеке тәсіл қажет, ал атқаратын қызметі тұқымына байланысты. Мысалы, алабай көбіне нысандарды күзетуге пайдаланылады.
Иван Гавришев, кинологиялық қызмет ардагері:
- Қазіргі таңда құқық қорғау органдарында көбіне бельгиялық овчарка малинуа қолданылады. Ол өте белсенді, 5 сағатқа дейін жұмыс істей алады. Ең көп тарағаны – бельгиялық және неміс овчаркалары. Сондай-ақ есірткі іздеуге спаниель тұқымдары да пайдаланылады.
Мона есімді ит із кесу арқылы жұмыс істейді. Жуырда ол кісі өліміне қатысты 40 жастағы күдіктіні бірнеше минут ішінде ұстауға көмектесті.
Қуаныш Надырбек, кинолог:
- 102 каналына шақырту түсті. Адам өлтіруіне байланысты қылмыс 99 баппен сол жаққа Мона деген итпен бардық. 7-10 минуттың ішінде ізді алып, бағытын көрсетіп әрі қарай ДПС-тікілер ұстап алуға көмектесті.
Бір жастағы неміс овчаркасы Амур адамға бірнеше сағат қажет болатын затты 1 минут ішінде табады. Ол көлікте жасырылған затты бірнеше секундта анықтады.
Максим Чебан, ҚР ІІМ Кинологиялық орталығы басшысының орынбасары:
- Біз табиғи заттарды қолданбаймыз, оларға тыйым салынған. Оқыту үшін имитаторлар пайдаланылады. Яғни ойыншықтың бөліктері қолданылады. Ең бастысы – тазалық сақтау, қолмен ұстамау.
Қызметтік иттер иісті көліктен ғана емес, кез келген жерде – ғимаратта, саябақта немесе жол бойында да анықтай алады. Олар жай адамға байқалмайтын өте кішкентай бөлшекті де оңай табады. Орташа есеппен 8 жыл қызмет етеді, кейін оларға жаңа иелер табылады. Жыл сайын орталық кішкентай күшіктермен толықтырылып отырады.
Авторлары: Карина Хаберова, Анастасия Сүлейманова, Тимур Сейілхан
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #қызметтік иттер #полицияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz