Ақтаулық полиция қызметкері Құрбанияз Демеков ым-ишара тілін өз бетінше үйреніп алған.
Жол сақшысының мүгедектігі бар адаммен тілдескен сәті әлеуметтік желіде тарап, мыңдаған қаралым жинады. Жұртшылық полицейдің әрекетіне ризашылық білдіріп жатыр.
Оқиға республикалық маңыздағы тасжолдың бойында болған. Патрульдік полиция тоқтатқан көлік жүргізушінің бірімен сөйлесу кезінде қиындық туындайды. Оның есту және сөйлеу қабілеті бұзылғанын түсінген жол сақшысы дактиль тілімен сөйлесіп, бағыт сілтейді. Құқыққорғаушының осы әрекеті ғаламторға таралып, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Құрбанияз Демеков, Патрульдік полиция ротасының старшинасы:
- Ым-ишара тілінде бала-шағымда өз бетіммен үйрендім. Өйткені туған ағам осы тілде сөйлейді. Сол себепті жолда кезіккен азаматпен тілдесу маған қиын болған жоқ. Дактиль әліпбиін еркін білуім күнделікті қызметімде қажетке жарағаныма қуаныштымын.
Полиция старшинасы Құрбанияз Демеков ішкі істер саласында 2016 жылдан бері қызмет атқарады. Екі жыл бұрын патрульдік полиция ротасына ауысқалы қоғамдық қауіпсіздік пен жол ережесінің бұзылмауын бақылап жүр.
Айбек Сүйеубай, Патрульдік полиция ротасының инспекторы:
- Демеков Құрбанияз секілді әріптесімізбен мақтанамыз. Ол есту, сөйлеу мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмектесіп жүр. Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері де кез келген уақытта көмек көрсетуге дайын. Тәуліктің күні мен түнінде олар қызмет етеді, қоғамның қауіпсіздігін қорғайды.
Туристік өңір Маңғыстауға әлем елдерінен келетін турист саны жылдан санап артып келеді. Шетелдіктермен еркін тілдесу үшін биыл патрульдік полициясы ағылшын тілі курсын да оқып алды. Екі апталық семинарға 50-ге жуық құқыққорғаушы қатысқан.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Ақтау #полиция қызметкері #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz