Түркістан облысында Бұхар бұғысының саны жылдан-жылға көбейіп келеді.
Қазіргі таңда мүйізді жануарлар өңірдегі «Сырдария – Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің аумағындағы тұқымбақта және Сырдария өзені бойындағы қалың тоғайларда мекендейді. Мамандар бұғыларды ерекше бақылауға алған. Инспекторлар қоршаудағы жануарларға күн сайын жем-шөп беріп, олардың жағдайын қадағалайды.Табиғи парк аумағында тек Бұхар бұғысы ғана емес, қырғауыл құсы да өсіріледі. Парк аумағындағы ерекше жануарлар мен құстар қалай күтіп-бапталады?
Бұхар бұғылары өсірілетін тұқымбақ - Түркістан қаласынан 30 шақырым қашықтықта «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі аумағында орналасқан. Жер көлемі - 22 гектар. Биіктігі -3 метрлік темір тормен қоршалған. Мұнда бұғышыларға қызметтік үй салынған. Аға бұғышы Федор Бочаров 6 жылдан бері отбасымен бірге осында тұрады. Таңғы 8-ден бастап жануарлардың жем-шөбін беру соның мойында.
Фёдор Бочаров, аға бұғышы:
- Қызылша, картоп, қырыққабат оның бәрі 500 гр есептеп беріледі. 12 келі шөп, 3-4 келі жем бір басқа. Бізде қоршаудың ішінде 41 бас, төлден төртеу. Соған қарап, таразымен өлшеп береміз. Бізге үйренген, бөтен адам болса қашады. Әсіресе әйелім үшінші бұғышы болып істейді, ол айқайласа бәрі шығады. Бізде қатаң бақылау, жататын жеріне дус себеміз, себебі кене көбейіп кетті. Соның бәрін қарап, тексеріп отырмыз.
Бұхар бұғыларын сақтау және көбейтуге арналған тұқымбақ 1999 жылы Бүкіл дүниежүзілік жабайы табиғат қорының қолдауымен құрылған. Мамандар алғашында мұнда Шымкенттен 8 бас Бұхар бұғысы әкелінгенін айтады. Содан бергі ширек ғасырда қызыл кітапқа енген жануарлардың саны 40 есеге дейін өсіп, көпшілігі еркіндікке жіберілген. Жалпы Бұхар бұғылары өткен ғасырдың орта тұсына дейін Сырдың бойын мекендеп, кейін жойылып кеткен.
Әйгерім Тәжиева, «Сырдария-Түркістан» Мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің бөлім меңгерушісі:
- Қайта қалпына келтіру жұмыстары 2000 жылы жүргізіліп, осы өңірлік табиғи парк құрылғанан кейін мамандардың қарқынды жұмысының арқасында Бұхар бұғысы көбейіп, 319 басқа жетті. Жалпы еркіндікке жіберілген бұғылар тек паркте емес, Сырдария өзенің бойымен көршілес жатқан Қызылорда облысына дейін кете береді.
Парк аумағындағы Бұхар бұғылары мекеме қызметкерлері тарапынан қатаң қадағаланады. Бейнебақылау камералары мен фототұзақтар орнатылған. Бұғылардың тіршілігі, өсіп-өнуі барлығы бақылауда. Ал оларды дәрі-дәрмек, жем-шөппен мемлекет қамтамасыз етеді. Сондай-ақ парк аумағында қырғауыл да өсіріледі. 8 жыл бұрын қырғауыл басын көбейту мақсатында арнайы тұқымбақ құрылған.
Мұрат Қошқарбаев, қырғауыл өсіруші:
- Әр қырғауылға өзінің тамағын есептеп береміз. Балапындарына қазір үш мезгіл беріп жатырмыз. Үлкендері сырттан табиғаттан шөп, шегіртке жеп қоректенеді. Оларға жаздың күні бір мезгіл береміз. Дәрі-дәрмек, дәрумендерін қосып береміз. Балапанға арналған арнайы жемі бар, соны береміз. Үйірге бөлінеді. Бір үйірде қазір сыртта жүргендер 12-13 балапан шығарады.
Қазір мұнда Сырдария қырғауылын көбейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір аумағы 2 гектар болатын қырғауыл тұқымбағында 2 мыңнан аса құс күтіп-бапталуда. Мамандар алдағы 3 жылда олардың санын 5 мыңға жеткізуді көздеп отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Түркістан #бұхар бұғысыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz