74 жастағы Рзакүл әже парапланмен 2 мың метр биікке көтеріліп, айды аспанға шығарды. Жай ғана шықпай зеңгір көкте Шәмшінің әнін әуелетті.
74 аз жас емес. Рзакүл Иманғалиқызы Түркияға саяхаттап барған екен. Сол кезде биікке самғаймын деген бала кезгі арманы орындалды. Әжеміз саяхаттан кеше ғана Астанаға оралды.
Шәмшінің әнін түрік аспанында шырқап келе жатқан Рзакүл әженің есімі қазір шартарапқа мәшһүр. Бұл бейнероликті санаулы күнде жүз мыңдаған адам көріп, пікір алаңында мыңдаған жан лебіз білдірді. Осылайша бір-ақ сәтте танымал болып шыға келген әже кеше кешке Анадолыдан елге оралды. Өзінің айтуынша, парапланмен көкке көтерілер алдында бойында қорқыныш болмаған.
Рзакүл Иманғалиқызы, саяхатшы әже:
- Мен секіргенде балаша қуандым. Бала тәй-тәй басқанда қалай қуанады, солай қуандым. Ана жерге барып тұрғанда: «Мен қазір ұшқанда не істеймін деп ойландым. Менің өлең айтуым керек. Өйткені менің ішімдегі бір арманымды шығаруым керек» деген қатты бір толқыныс болды. Басқа ештеңе болған жоқ. Құ ұшады ғой кәдімгідей. Сондай болып қатты қуандым.
Иә, көкте құстай самғау – әженің бала кезгі арманы. Сол арманына 74 жасында жетті. Әрине, 2 шақырым биікке көтерілу қарияның денсаулығына қауіпті екені рас. Сондықтан бұл шаруаға үлкен дайындық жасалған.
Гүлшат Өскенқызы, Рзакүл әженің қызы:
- Анамның да арманын естіп қалдым да соған әркет жасадым, жұмыс жасадым. Анамды дайындадым. Ең бірінші - денсаулығын. Өйткені салмағы үлкен адамдарды ол жақта ұшуға болмайды. Менің анам неше жылдан бері витамин ішеді, ағзасын тазалап тұрады. Ешқандай давление, анау-мынау деген әңгіме жоқ.
Рзакүл әже – Ұлытаудың тумасы. Жеті жыл бұрын Астанаға көшіп келді. Құдай берген 8 баланың қызығын көріп, немере-шөбере сүйіп отыр. Әженің ендігі арманы – әнші Димаш Құдайбергенмен көздесіп, бірге ән шырқау.
Рзакүл Иманғалиқызы, саяхатшы әже:
- Қорықпаңдар! Армандаңдар! Кез келген жаста армандауға болады. Армандар орындалады!
Авторы: Нұрқанат Қанапия, Санжар Біргебаев
Тегтер #параплан #Шәмші әні #Рзагүл әже #Түркия #Астана
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz