Солтүстік Қазақстан облысында өз әкесін қорлап, әрекетін видеоға түсіріп әлеуметтік желіге жариялаған 22 жастағы жігіт қоғамның наразылығын тудырды. Алайда ол заң алдында жауапқа тартылмады, деп хабарлайды «24KZ».
Оқиға Шал ақын ауданына қарасты Бірлік ауылында болған. Күдікті 67 жастағы әкесіне балағат сөздер айтып, қорлық көрсеткен. Бұдан бөлек, ол болған жайттың барлығын ұялы телефонына түсіріп, кейін әлеуметтік желілерде жариялаған. Сондай-ақ оның оқиға кезінде мас күйде болғаны анықталған.
Бейнежазба интернетте кең тарап, қазақстандықтардың ашуын туғызды. Осыдан кейін полиция тексеру жүргізіп, оқиғаға қатысушыларды анықтады.
Алайда күдікті жауапкершілікке тартылмаған. Себебі әкесі жәбірленуші бола тұра ұлына қатысты арыз жазудан бас тартып, оған ешқандай шағымы жоқ екенін мәлімдеген.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әдемі Мендібаеваның айтуынша, 22 жастағы ауыл тұрғыны бұған дейін де бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Шал ақын аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері оқиғаға қатысушыларды анықтады. Олар – Бірлік ауылының 22 жастағы тұрғыны және оның 67 жастағы әкесі. Әкесі ұлына қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін айтты. Сондай-ақ оның денесінде соққы іздері анықталған жоқ. Қарт азамат сот-медициналық сараптамадан өтуден де бас тартты», – деді баспасөз хатшы.
Соған қарамастан, полиция тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнамада қатаң жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Тегтер #СҚО #қатыгез ұл #жауапкершілік #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz